Ислам діні адам баласын адал еңбек етіп, маңдай терімен дүние табуға үндейді. Сонымен қатар қолындағы нығметтің шынайы иесі Алла Тағала екенін ұмытпай, оны игілік жолында жұмсауға шақырады. Мал-мүлікті қайырымдылыққа арнап, оның пайдасын ел игілігіне ұсынудың бір көркем үлгісі – уақып.
Уақып – мұсылман қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дәстүр. Оның мәні – белгілі бір мүлікті Алланың разылығы үшін қайырымдылық мақсатқа арнап, одан түсетін пайданы халық игілігіне жұмсау. Уақыптың ерекшелігі де осында: жасалған жақсылық бір реттік көмекпен шектелмей, ұзақ уақыт бойы елге қызмет етеді.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Сүйген нәрселеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят), – деп бұйырады.
Аят бізге ізгіліктің кемеліне жету үшін адам өзі жақсы көретін дүниесінен де Алла жолында жұмсай білуі керектігін ұқтырады. Шынайы жомарттық – өзіңе қажет емес дүниені беру ғана емес, өзің қадір тұтқан нығметтен өзгеге де үлес ұсына білу.
Уақыптың маңызын Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінен де аңғарамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы қайтыс болған кезде оның үш амалынан басқасының сауабы тоқтайды: үздіксіз садақа, пайдаға асқан білім және оған дұға жасайтын ізгі ұрпақ», – деген.
Уақып – осы үздіксіз садақаның айқын көріністерінің бірі. Өйткені адам өмірден өткеннен кейін де оның уақып еткен дүниесі халықтың қажетіне жарап тұрса, сол игіліктің сауабы жалғаса береді.
Ислам тарихында уақып мәдениеті қоғамдық өмірдің көптеген саласының дамуына ықпал етті. Мешіттер мен медреселер, білім ошақтары, жолаушыларға арналған орындар, су құдықтары және халыққа қызмет ететін түрлі нысандар қайырымды жандардың уақыбы арқылы жұмыс істеді. Мұның барлығы уақыптың тек жеке адамның сауап жинауына емес, тұтас қоғамның дамуына қызмет ететін игі амал екенін көрсетеді.
Қазақ даласында да дәулетті азаматтар мен ел ағалары мешіт-медресе салуға, шәкірт оқытуға, мұқтаж жандарға жәрдем беруге мал-мүлкін арнаған. Мұндай игі дәстүр халқымыздың жомарттық, жанашырлық және өзара көмек құндылықтарымен сабақтасып жатыр.
Кейде уақып жасау тек ауқатты адамдардың қолынан келетін іс деген түсінік кездеседі. Алайда ізгілік жасау үшін міндетті түрде мол дәулетті болу шарт емес. Әр адам өзінің мүмкіндігіне қарай қоғамға пайдалы іске үлес қоса алады. Бір адам ғимарат немесе жер телімін уақып етсе, екінші бір азамат қаражатын білім мен қайырымдылыққа бағыттауы мүмкін. Ең бастысы – дүние адал жолмен табылып, жасалған амал Алланың разылығын көздеген шынайы ниеттен туындауы.
Адамның бұл дүниеде жинаған байлығының барлығы өзімен бірге кетпейді. Алайда сол дүниемен жасалған жақсылықтың ізі қалуы мүмкін. Бүгін уақып етілген дүние ертең бір шәкірттің білім алуына, мұқтаж жанның қажетін өтеуге, мешіттің қызметіне немесе елге пайдалы бір істің үздіксіз жалғасуына себеп болуы ықтимал.
Сондықтан мал-мүлкімізді тек дүние тіршілігінің қажеті деп емес, ақыретімізге азық болатын мүмкіндік деп те қарастырғанымыз жөн. Адал еңбектің жемісінен Алла жолына үлес шығару – малды кемітпейді, керісінше оның берекесін арттырып, жақсылығын баянды етеді.
Уақып – бүгін жасалған, бірақ сауабы ертең де жалғасатын ізгілік. Ендеше, адал мүлкімізден Алла жолында уақып етіп, кейінгі ұрпаққа өшпес сауап пен өнегелі із қалдыруға ұмтылайық.
Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы
Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы