Center Image
IHSAN.KZ
ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Әбдіғали Естай Айтуғанұлы,

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы

 

 

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Баршамызды ораза айтқа аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! 

 

Қадірлі қауым!

Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!

Қасиетті Рамазанның аяқталғанын білдіретін мейрамда, жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайтын сәулелі сәтте сіздерге, отбасыларыңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жар болсын!

Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей!

«Айт» сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген мағынаны білдіреді.

Жаратушы Жаббар Иеміз: «...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...»  – деп сүйінші хабар жеткізген. Жаратушы Иеміз барша мұсылман қауымның қуанышын арттырғай!

ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен қасиетті Рамазан айында облыс бойынша қайырымдылық жобалар жүзеге асты. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға риясыз ниетпен айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы істерімізді, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!

Әр отбасына амандық, жақсылық, құт-береке тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейікЕлімізаман, жұртымыз тыныш болғайӘмин!


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz