«Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса,
Алла оның жәннатқа барар жолын жеңілдетеді» (Имам Мүслим).
Білім алу, сауатты болу – діннің талабы. Себебі Алла Құранның алғашқы аяттарын уахи еткенде әуелі «Алақ» сүресінің бес аятын түсірді: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар). Алғашқы түскен аят «Оқы» әмірімен басталғандықтан мұсылман баласы оқып-үйренуі тиіс. Құран Кәрімде 719 жерде ілім жайында баян етіледі. Сонымен қатар Құранда айтылған кейбір мәселелерді тек ілім иелері ғана түсінетінін көптеген аятта баяндайды. Қасиетті Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – деген («Анкәбут» сүресі, 43-аят). Қай заман болмасын білетін мен білмейтін тең болмайды. Құран бұл ақиқатты әуелде адамзатқа: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» – деп ескертті («Зүмәр» сүресі, 9-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға білім алудың парыз екенін айтып, сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткен болатын. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшриктерге бостандық алулары үшін әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап етіп, қаншама сахабалардың сауатын ашуға мүмкіндік жасайды. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу құлшылықтың кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Ал білімсіздіктің залалы шаш етектен. Білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, дінге қара күйе жақтырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде Әбу Зәр (Алла оған разы болсын) есімді сахабасына: «Ей, Әбу Зәр! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 рәкағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың рәкағат нәпіл намаз оқудан жақсырақ», – дейді (Имам Ибн Мәжа).
Қиямет күні төрт кісі есеп-қисапсыз, азапсыз жәннатқа кіру үшін қақпаның алдына шақырылады. Біріншісі – оқыған іліміне амал жасаған ғалым. Екіншісі – қажылығына қажылықты бұзатын амалдарды араластырмаған адам. Үшіншісі – дін үшін соғыста қаза тапқан шейіт. Төртіншісі – халалдан дүние тауып, оны риясыз Алла жолына жұмсаған жомарт кісі. Төртеуі жәннатқа кім бірінші кіреді деп, өзара сөз таластырады. Алла оларға қазылық ету үшін Жәбірейіл періштені (оған Алланың сәлемі болсын) жібереді. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) әуелі шейіттен сұрайды:
– Сен дүниеде жәннатқа бірінші болып кіруге лайықты қандай амал істедің?
Шейіт оған:
– Мен Алла разылығы үшін дін жолындағы соғыста шейіт болдым, – дейді.
Жәбірейіл:
– Шейіттің сауабын сен кімнен естідің? – дейді.
– Ғалымдардан естідім, – дейді ол. Жәбірейіл:
– Ендеше әдеп сақта! Ұстазыңның алдын кесіп өтпе, – дейді.
Сонан соң Жәбірейіл періште қажы мен жомартқа да дәл осындай сұрақтар қояды. Олар да шейіттің айтқандарына ұқсас жауап береді. Сол уақытта ғалым тұрып:
– Уа, ұлық Раббым! Егер сахидің (жомарттың) маған көрсеткен жомарттығы, істеген жақсылығы себеп болмағанда, мен ілім ала алмаған болар едім, – дейді. Сонда Алла Тағала:
– Ғалым дұрыс айтады. Уа, жәннат қақпасының күзетшілері! Жомарт бастап, қалғандары соңынан еріп кіру үшін жәннаттың есіктерін айқара ашыңдар! – дейді. Алла Құранда адамдардың білімсіздігі мен сауатсыздығынан күнә мен ширк жасайтынын және олардың білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтынын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда, Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баян етер еді. Керісінше мүшриктерді баяндағанда, оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екенін, алайда бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне үзір бола алмайтынын ескертеді.
Дүние мен ақырет бақытының кілті – білімде. Білім – амалдардың ең абзалы. Білім мен хикмет – мүминнің жоғалтқан мүлкі, оны қайдан тапса алуы тиіс. Білім жолы – жәннат жолы. Хадисте: «Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді», – деген (имам Мүслим).
Имам Хасан (Алла оған разы болсын) ғалымдар жайында былай деген: «Ғұламалардың сиясы мен шейіттердің қаны қиямет күні өлшенеді. Сонда ғұламалардың сиясы шейіттердің қанынан ауыр тартады».
Білім алып, өзгеге пайдамыз тиіп, иманға келуіне себепші болсақ, шексіз сауапқа кенелетінімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазреті Алиге айтқан мына хадисінен білеміз: «Сенің себеп болуыңмен Алла Тағала бір адамға хидаят (тура жол) берсе, сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен жақсы», – деген (имам Бұхари).
Адамның бәрі сауатты не ғалым болуы мүмкін емес. Дегенмен, Құран сөзімен айтқанда, білмеген мәселеде: «Егер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар», – деген аятты басшылыққа алуымыз керек («Әнбия» сүресі, 7-аят). Аллаға құлшылық ету, қоршаған ортамен үйлесіп, шариғат бойынша өмір сүру үшін мұсылманға діни әрі зайырлы білімді қатар алып жүру – заман талабы. Жейтін асымыз халал болуы үшін мал және диқаншылықпен айналысу қажет. Өндіріліп жатқан өнімге харам қоспа қосылып кетпеуі үшін технолог, биолог және химик маман болу, науқасты емдеу үшін білікті дәрігер болу керек. Ол үшін мұсылманға оқу керек.
Дін ілімі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған мұра, оны әркім алуға ниет етуі тиіс: «...Расында ғалымдар –пайғамбарлардың мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динар да, дирһам да (алтын, күміс ақша) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұраға қалдырады. Кімде-кім оны алса, мол олжа алғаны...», – деген (имам Әбу Дәуід). Пайғамбардың мұрагері болу қандай бақыт! Мұрагер болу үшін Пайғамбар әулетінен болу шарт емес, мұрагер болу – барлығына теңдей берілген мүмкіндік.
Бірде Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) Мәдинаның көшесінде кетіп бара жатып, көшеде жүрген жамағатқа:
– Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасын бөлісіп жатыр, сендер болса мұнда уақыттарыңды босқа өткізіп жүрсіңдер, барып сол мирастан өз үлестеріңді алмайсыңдар ма? – дейді. Әлгі адамдар:
– Қайда бөлісіп жатыр? – деп сұрағанда Әбу Һұрайра:
– Мешітте бөлісіп жатыр, – деп жауап береді. Адамдар мешітке бет алып, артынша қайтып келеді. Әбу Һұрайра олардың қайтып келгенін көріп:
– Не болды? – деп сұрағанда, олар:
– Біз мешітке барып едік, онда сен айтқандай бөлісіп жатқан ештеңе көрмедік, – деп жауап қатады. Сонда Әбу Һұрайра:
– Сендер мешітте ештеңе көрмедіңдер ме? – деп қайта сұрайды.
Иә, бірнеше адам көрдік, біреулері намаз оқып жатыр, біреулері Құран оқып жатыр, біреулер адал мен арам жайында тартысып жатыр, – дегенде, Әбу Һурайра:
– Сорларың құрысын, Пайғамбардың мұрасы сол ғой, – деп жауап берген екен (имам Табарани).
Бабаларымыз білім алудың маңызы жайында ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған. «Білім инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп, білімдінің ала алмайтын қамалы, аса алмайтын асуы болмайтынын меңзейді. Білім мен ғылымға Ислам діні ерекше көңіл бөледі. Білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылықтардың бастауы. Алланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр. Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін – білім.
Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек...», – деген.
Адам мен ұлттың қадірі білімімен өлшенеді. Білімді адам тақуалыққа жақын болса, білімсіз адам қателік жасаудан қорықпайды. Мәселен, надан адамнан бір мәселе сұраса, білмеймін деп айтудың орнына өз ойын айтады. Ал білімді адам бірден жауап бермей, кітаптан көрейін деп аса жауапкершілік танытады. Сол үшін Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп, кітапқа қарау керектігін ескертеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғат ілімдерін Жәбірейілдің (оған Алланың сәлемі болсын) ұстаздық етуімен үйренген. Демек, ілімді өз бетінше емес, ұстаз арқылы үйрену – сүннет. Ал алған ілімін ұмытпау үшін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисіне амал еткен жөн болады: «Кімде-кім оқыған ілімі жадында жақсы сақталсын десе, бес түрлі қасиетті өзіне міндет тұтуы керек:
- Түн ортасында тұрып, екі рәкағат болса да тәхажжуд намазын оқысын;
- Әрдайым дәретпен жүрсін;
- Мейлі көпшілік арасында, мейлі оңашада болсын, тақуалықты ұстансын;
- Тамақты нәпсісін тойдыру үшін емес, тақуалық үшін ішіп, жесін;
- Дәрет алғанда тісін мисуакпен тазалап отырсын» (Усмон ибн Хасан ибн Ахмад Шокир Хувайрий. Дурратун Носихин. Таржимон: Дилмурод Қушоқов. – Ташкент, 2017. 21-бет).
Адам білімді өзіне әрі өзгеге пайдасы тисін деп оқиды. Өзгелерден мәртебем биік болсын, сайыста үстем болайын деп үйрену – күнә.
Ислам, әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тапты. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Дін Ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейтшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді.
Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин.
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады.
Ұлы Абай « Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім» десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуатты жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды, сол тұстағы албырт жігердің бір сағатын да бос өткізбеуге шақырады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге паш еткізуіміз керек. Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!
Жасұлан Манапұлы
Қарағанды қалалық “Міржақып Дулатұлы” мешітінің имамы