Center Image
IHSAN.KZ
Жақсы сөйлеу және көркем мінез
Жақсы сөйлеу және көркем мінез

Ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» [1][Бұхари], - деген хадисі де жақсы сөздің дәрежесін айшықтап тұрғаны сөзсіз. Сөз – қасиет. Сөз – құдірет. Сөз – сиқыр. Сиқыр болғанда оның арбауына түссең, құрдымға кеткенің. Басыңды жоғалтасың, не барыңнан айрыласың. Сөзбен адамдарға шуақ шашасың, көңілдерге үміт сыйлайсың, әп-сәтте пенде баласын ақша бұлттардың ар жағына шығарасың. Кектенсең сөз найзасын аямай жұмсап, жерге түсіресің, шалшыққа лақтырасың. Өлімші етесің, мүрдем кетіресің. Ащы сөз өткір қылыш сияқты. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтер», - деген сөз бар қазақта.

 

Ғалымдар сөздің әсер ету күшін зерттеп сөз арқылы адамды әрі емдеп әрі өлтіруге болатындығын зерттеген. Қарғыс сөздер адамның жолын байлап, ауруға душар етсе, шабыт беретін сөздер адамның қабілетін ашып имунитетін күшейтетінін дәлелдеген. Хадис: «Адам бір сөзді жай айта салады, сол себепті Алла оның дәрежесін көтеріп жәннәттық етеді. Басқа бір адам жай бір сөз айта салады, Алла оны сол себепті жаһаннамдық етеді». Ғалымдар бұл хадисті былай айшықтайды. Бірінші айтылған сөз адамның көңілін көтеріп, разы ететін сөздер. Ал екіншісі адамның намысына тиіп, қор ететін сөздер. Демек адамды қуантып, жақсылық әкелетін сөздер Алланы да разы етеді, керісінше ренжітіп, жамандық әкелетін сөздер Алланың ашуына тиетіні түсінікті болады.

 

Аллаһ елшісі с.а.у.: «Сендер өздеріңе, балаларыңа, және дүние-мүліктеріңе қарғыс айтпаңдар. Өйткені айтқан қарғыстарың Алланың дұғаны қабыл алатын уақытына дөп келсе, қарғыстарың қабыл болады». Бұл аят пен хадистерден көретініміз Алла Тағала әлемді жаратқанда барлық нәрсені сөзге тәуелді еткен. Тағдырымызға әсер ететіндей дәрежеде құдіретті етіп жаратқан. Сол себепті Алла елшісі с.а.у. жаман сөйлеп, қарғауға қатаң тыйым салған және әрдайым жақсы сөйлеп, балаларына әдемі есімдер қоюды бұйырған.

 

Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы іс атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару керек, - деген. Әрбір саналы мұсылман баласы көркем мінездің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі  уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (с.а.у) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (с.а.у) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамайды. Ислам дінінің талап еткені де адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінездің әрбір әрекетінде орын алуы. Пайғамбарымыз (с.а.у) адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсеткен. Алла елшісі бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың жанұяларына жақсы қарыс-қатынаста болғандарың –деп айтқан.[2][ Муслим ] 

 

Ғалымдар адам бойындағы көркем мінезді Имам Науауидің жинағында келетін 4 хадистің төңірегіне  негіздеген: 

 

ХАДИСТЕ:

1.    «Кім Аллаға және Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари);

2.    «Сендерден ешқайсың өзіне қалағанды бауырына да қаламайынша (толық) иман келтірмейді» (Бұхари, Муслим);

3.    «Өзіне қатысы жоқ нәрсені тастау адамның дінінің кемелдігін көрсетеді» (Тирмизи);

4.    Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған кеңес бер» деп өтінеді. Ол (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба!», - деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. (Бірақ Пайғамбарымыз әр жолы): «Ашуланба», - деуден танбады (Бұхари).

 

Олай болса жақсы сөз сөйлеп, көркем мінез иесі болайық, құрметті жамағат!

                                                                                 

Амантай  Естай

Балқаш  қалалық мешітінің наиб имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz