Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялай отырып, «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін» деді.
Иә, жаңа Қазақстанда жаңаша ойлау, қоғам мен халыққа тың идеялар ұсыну–біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың тұрақтылықпен дамуына негіз бола алады. Оның ішінде біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз дәстүрлі Исламмен әдет-ғұрыптарымызды осы күнге дейін сабақтастырып, мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді.
Дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, сонымен қатар мәдени мұрасы. Тәрбиеге тұнып тұрған әдет-ғұрыптар мен имандылық иірімдерімен сабақтасқан салттарымыз жат ағымдарға төтеп берудің тиімді әдістері деп айтуға да болады. Олай болса, теріс идеялардың таралмау жолдарының бір тәсілі ол – сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі Исламның деңгейін көтеру болып саналады. Дінбасымыз біздерге осыны меңзеп отыр.
Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – Ислам дінінен бастау алған. Оны бүгінде көзі қарақты жалпы халық жақсы үғынып келе жатыр. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті тұрғысынан төрімізден ойып орын алды. Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүріне берік болған елдің қоғамдық қатынастарының қалыптасуы, дамуы, өзгеруі оң нәтиже береді. Ел болу дегеніміз тек мемлекеттің әлеуметтік гүлденуі ғана емес, елдік сананы қалыптастыру және рухани тазалыққа мән берумен келеді.
Олай болса, Ислам ілімдерімен сусындап, өз салт-дәстүрлерін Ислам шариғатымен сабақтастыра өмір сүрген қазақ халқымыздың әдет-ғұрыптарымен салт-дәстүрлерін ары қарай жалғастырып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде қалдырсақ, төлтума құндылықтарымызды жоғалтпас едік.
Бүгінде Аллаға шүкір, әрбір мешіт жанынан қазақи киіз үйлер тігіліп, оның ішінде жастарымызға тәлімді іс шаралар тұрақты атқарылып келеді. Сырт көзге қарағанның өзі ғибадат үйі мен шаңырағы бар киіз үйдің қатар тұруының өзі дін мен дәстүрдің сабақтас екендігін айтпаса да аңғартады.
Атап айтқанда, мұқтаж жандарға қайырымдылық дастарханы жайылып, оларға сыйлықтар таратылып, насихаттар айтылуда. Мешітке келіп діни дәріс алып жүрген жандарды үлкен кіші деп бөлмей, бір шаңырақ астына топтастырып ұлттық құндылықтарымыз жайында әсерлі сұхбаттар жүргізілуде. Тұсау кесу, азан айтып ат қою секілді салттарды жасау дәстүрге айналды. Осы секілді өнегелі істерді өрістету арқылы жастар санасында дін мен дәстүр дәні егіліп, болашақ өмірлерінде даналықпен жалғасады деген үміт пен сенім бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, береке мен бірлігіміз артып, осындай игі істердің аясында алар асуымыз мол болғай!