Center Image
IHSAN.KZ
Умардың үлкен байлықтан бас тартуына қандай қорқыныш себеп болды?

Үлкен байлық пен материалдық игіліктерге ие болғанда адамның осы көздің жауын алатын дүниенің арбауынан аман болуы қиын-ақ. Әсіресе бүгінгідей біздің арман-қалауымызды біздің мүмкіндіктеріміз шектейтін уақытта тіптен қиын.

Тақуа халиф Умардың билігі кезінде парсы елін жеңу мүмкіндігі туды. Соңында мұсылмандар мол қазына, байлықпен оралады. Умар таудай қазынаны жоқ-жітікке, кедей-кепшікке кешке дейін таратып, өзі бір зат алмастан үйіне кешкісін оралады.

Сонда Умардың жұбайы:

– Тым болмаса екі дирхам алып, тамақ сатып алып келмедің бе? Бізде жүрек жалғар ештеңе қалмады – дейді.

Жұбайының бұл сұрағына Умар Құранның әл-Араф сүресінің 20 аятынан үзінді айтып, жауап береді:

– Сендер өз игіліктеріңді дүние істеріне жұмсап, пайдаландыңдар. Бүгін сендердің еш құқықсыз жерде жасаған істерің үшін және адал болмағандарың үшін азап бар.

Сөзін жалғастырып:

– Мен солардың бірі болудан қорықтым. Және Қиямет күнінде Алла елшісінен алыс болудан қорықтым. Себебі мен оның: «О, Жаратқан ием! Маған кедейдің өмірін бер және кедей болып өлуді жаз және кедейлер арасында тірілт»-деп дұға қылғанын естідім»-дейді.

Осыны айтып, Умар үйінен шығып, мешітке барады. Мешіттегілерге келіп:

– О, адамдар! Егер бізде Қиямет күнінен қорқу сезімі болмаса, біз басқаша болар едік. Дәл осы қорқыныш мені ойға салды – дейді.

Біршама уақыттан кейін билеуші:

– Кім маған екі дирхам қарызға бере алады? Біздің үйде жейтін ештеңе қалмапты – деп сұрайды.

Осыдан кейін сахабалардың бірі оған екі дирхам берген екен.

Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz