Ұстамдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Мұндай мінездің иесін кез келген орта ұнатады. Алайда ұстамдылықты ұяңдықпен шатастырмауымыз керек. Бар болғаны өзгелерді жайсыз сезімге қалдырмау үшін орнымен сөйлеп, ақылмен жұмыс жасағанымыз жөн. Ұстамдылық, шыдамдылық, сабырлылықпен қатар жүреді. Сынаққа сабыр бөлек түсінік болғанымен, сол сабыр етуге ұстамдылық таныту бірегей мағыналас, қатарлас жүреді.
Ұстамдылық көбіне адамға келген сынақ кезінде таңдау еркіне беріледі. Мәселен, ислам дінімізді берік ұстануда асқан ұстамдылық қажет. Өйткені, көптеген керіағар әрекеттер адамның таңдау еркінде қателікке бой алдырып жібереді. Сырттан келетін теріс пиғылды әрекеттерге барынша көңіл бөліп, ислам дініне ұстанудағы кей жағдайларға шыдас бере алмай дінге, иманына деген ұстамдылық танытылмай қалады. Нәтижесінде, мұсылман болып туылып, кәпір болып кетуі де мүмкін. Бұл дінге деген беріктіктің жоқтығын көрсетеді. Ал, осы тұстасырттан келетін қауіпке төзе біліп, дініне мықты сеніммен, Аллаға тәуекел етіп ұстамдылық танытса, қандай қиындық болмасын Алла пендені сол тығырықтан алып шығады. Алла Елшісі бір хадисінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар», – деп бұйырған, - дейді. Міне, хадиске сүйеніп, сабырлылық таныту арқылы иманына, амалына ұстамды болу қажеттігін ұғамыз. Алла Тағала уәдеге, сертке берік болудың маңыздылығын құран беттерінде ескертіп: «Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар» деген. Мұсылман үшін асыл қасиет, пайғамбарымыз (с.а.у) көркем мінезінен болған, имандылықтықтың нышаны уәдеге берік болу, дініне, діліне, иманына, сынаққа ұстамды болу қазіргі замандағы адамдардың бойынан табылуы қиын асыл қасиеттердің бірі. Ұстамды болып, сабырдыққа жетелейтін мінезіміз – әлдебір жағдайларға тап болғанда «тепе-теңдікті бұзбау, орта жолды ұстану, сынақтарға төтеп беру, қиыншылықтарға шыдау, уайым-қайғы мен тауқыметтерге душар болғанда оларды жеңіп шығу, ақыл мен діннің шеңберінде тұрақты түрде ұстай алу» деген мағыналарға саяды. Ал, шыдамдылық дегеніміз – басымызға түскен әр түрлі сынақтарға төзу, ұстамды болу, қайраттылық пен қайсарлық таныту деген сөз. Сабырлылық көркем мінез-құлықтың негізгі бөлігі, иманның жартысы, сонымен қатар, бақыт пен қуаныштың асыл кілті болып саналмақ. Ол – пендені жәннат нығметтеріне кенелтетін ұлық ерекшелік. Сабыр – ұнамайтын әрі жаныңды ауыртатын оқиғалар кезінде тепе-теңдікті ұстау арқылы тыныштыққа кенелу, Жаратқанға бас ию деген сөз.
Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Сабыр етіңдер, тұрақтылық танытыңдар, дайын әрі мұқият болыңдар; Алладан қорқыңдар, сонда табысқа жетесіңдер» (Әли Имран сүресі, 200-аят) дейді.
Алла Елшісі (сас) ислам дінін таратуда көптеген қиындыққа душар болды. Бірақ, әрдайым ұстамдылық танытты. Алла Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Исламды тарату жолында тап болған әрі шыдамдылық танытқан қиыншылықтары жайында Тарық бин Абдуллаһ әл-Мұхариби былай деп жеткізеді:
«Расулуллаһпен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Зүл Мәжаз көрмесінде кездескен едім. Ол:
– Қатты дауыстап: «Уа, адамдар! Ла иләһә иллАлла деп айтыңдар да, құтылыңдар!» деп жатқан еді. Бір кісі болса қолындағы таспен оның артынан жүріп:
– Уа, халайық! Оған мүлде сенбеңіздер, оған бас имеңіздер. Өйткені, ол «өтірікші» деп айқайлап жатты. Лақтырып жатқан тастарымен Пайғамбарымыздың тобықтарын қанатып жіберген еді. Мен ол жердегілерден:
– Бұл кісі кім? - деп сұрадым.
– Бұл Абдулмутталиб ұлдарынан шыққан бір жігіт, - десті.
– Ал артында жүріп, тас атып жатқан кім? - деп сұрағанымда, олар:
– Немере ағасы Әбу Ләһәб қой, - деп жауап қатты».
Сынаққа толы өмірде Мұхаммед пайғамбардың әрбір оқиғасын ғибрат үшін, сабақ болу үшін мысалға ала берсек артық болмайды.
Алланың Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сабырлылыққа үндейтін көптеген мысалдардың тағы біреуін Мүдрик әл-Әзди былайша баяндайды:
«Мен әкеммен бірге (надандық кезде) қажылық жасап жатқан едік. Минаға келіп тұрақтағанымызда бір жамағатты көрдім. Әкемнен:
– Бұл жамағат не үшін жиналған? - деп сұрадым. Әкем:
– Өз қауымының дінін тәрк еткен мына бір жігіт үшін жиналыпты, - деді. Көрсеткен жағына қарап, Расулуллаһты (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көрдім. Ол (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Уа, адамдар! Ла иләһә иллАлла деп айтыңдар да, құтылыңдар!» деп жатқан еді.
Ал адамдардың кейбіреулері оған түкіріп жатса, кейбіреулері балағаттап жатыр, енді біреулері оған топырақ та шашып жатты. Түске дейін осылай жалғаса берді…
Бір уақытта жағасы сәл ашылып қалған бір қыз қолындағы ыдыстағы суымен және кішкене бет орамалмен Расулуллаһтың қасына келді. Ол жылап жатқан еді. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ыдысты алып, судан ішті, кейін беті-қолын жуды. Артынан басын көтеріп:
«Қызым! Жағаңды орамалыңмен жауып ал. Әкеме тұзақ қойылып өлтіріледі-ау немесе бір қорлыққа тап болады-ау деп уайымдама» деді.
Біз ол қыздың кім екенін сұрадық. Ол жердегілер: «Қызы – Зәйнәб» десті»
Міне, сынаққа сабыр мен дінді таратудағы Алла Елшісінің ұстамды көркем мінезі осындай болған-ды.
Сондықтан да, басқа қандайда сынақ келсе біз оған сабыр етіп, тілімізден ауыр сөз шығармай, ұстамдылық танытуымыз қажет.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
Бала қажы мешітінің бас имамы