Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Алла Тағала жақсы көретін ең жақсы қасиеттердің бірі – сабырлық екені белгілі. Тарихта келген барлық пайғамбарлар да осы игі қасиетке ие болып, өзгелерді сабырлыққа үндеген.
Қасиетті Құранның аяттарындасабырлық сөзі көп кездеседі:
«Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бipгe»[1].
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз»[2].
Дегенмен, адам баласының сабырлы болуына, уақытын, өмір жолында кездесетін мүмкіндіктерін орынды, сауатты жұмсауына кедергі келтіретін белгілі-бір қасиеттер және амалдар бар. Осы мақаламыздасолар жайлыайтып өтеміз.
Біріншісі, ол – асығыстық. Өміріміздегі көптеген келеңсіз жағдайлар, ауырпашылықтар осы асығыстық танытқанымыздың нәтижесінде орын алып жатады. Бұл қасиет кез-келген адамның тұлғасында бар. Бұл туралы Құранда:
«Адам асығушы (табиғатта) жаратылды»[3], – деп айтылады. Осыған қарамастан, Раббымыз бізге мейірімділік танытып, өз нәпсіміздітүсінуге, сондай-ақ онымен күресуге мүмкіндік берді.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Байыптылық – Алладан, асығу – шайтаннан» деген хадисінің мағынасына терең бойлаған ата-бабаларымыз «Асыққан шайтанның ісі» деу арқылы, бізді бұл жағымсыз қасиеттен алшақ болуға шақырған.
Десе де, атақты тақуа Хатим әл-Асамму (Алла оны рақымына бөлесін)айтпақшы: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу: келген қонаққа ас беруге, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, мәйітті аттандыруға, істелінген күнәға тәубе жасауға асығу – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті», белгілі-бір жағдайларда асығыстық танытуға болады.
Екіншісі, ол – үмітсіздік.
Үмітсіздік деп белгілі-бір жағдайдың оң шешілуіне, істің оң нәтиже беретіндігіне сенімнің жоғалуын айтамыз. Қасиетті Құранда бұл құбылыс жайында:
«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», [4] – деп айтылады.
Жақып пайғамбар (ғ.с.) ұлдарын жоғалып кеткен Жүсіпті (ғ.с.) іздеуге жібере отырып, оларды үмітсіздікке берілмеуге шақырады:
«Әй ұлдарым! Барыңдар да Жүсіпті және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді…»[5].
Демек, өмір жолымызда кездескен түрлі ауырпашылықтар, өтпелі сынақтар барысында үмітсіздік пен күйзеліске бой алдырмай, Раббымыздың мейірімінен күдер үзбеуіміз қажет.
Үшіншісі, ол – надандық.
Бірде, Алланың қалауымен Мұса пайғамбар (ғ.с.) Қызырды (ғ.с.) іздеп тауып, сәлем беріп:
- Мен Мұсамын, сізге ілім үйренуге келдім. Біршама уақыт жолдас болуға рұқсат етсеңіз? – дейді. Сол кезде Қызыр (ғ.с.):
- Менімен жолдас болуға шыдамың (сабырлығың) жетпес, – деп жауап береді.
Ақыр соңында Қызырдың (ғ.с.) іс-әрекеттерінің түпкі мән-мағынасын түсінбей, Мұса (ғ.с.) шыдамдылық таныта алмайды. Бұл оқиға Құранның «Кәһф» сүресінде баяндалады.
Білім бізге кез-келген жағдайдың тұтас көрінісін көруге мүмкіндік береді. Ол надандықпен үйлеспейтін ізгілік. Осыған байланысты надандық та сабырлықпен еш үйлеспейді.
Әрине, бойымыздағы сабырлық қасиетіне зиянын тигізетін нәрселер тізімі жоғарыда келтірілгендермен аяқталмайды. Сол себепті, әрбір ісімізге, амалымызға барынша мұқият болып, жан-жақты кемелденуге тырысайық.
Алла Тағала баршамызға көркем сабыр беріп, тақуа құлдарынан болуды нәсіп етсін! Әмин!
Естай Айтуғанұлы,
Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан»
атындағы орталық мешітінің бас имамы
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Бақара» сүресі, 153-ші аят.
- «Нахл» сүресі, 96-шы аят.
- «Әнбия» сүресі, 37-ші аят.
- «Хижр» сүресі, 56-шы аят.
- «Жүсіп» сүресі, 87-ші аят.