Center Image
IHSAN.KZ
Толеранттылық- бейбітшілік кепілі
Толеранттылық- бейбітшілік кепілі

 

             Қай ғасырда болсын, ұлт өмірін өркендетуші саналы да сауатты, ұлтжанды, рухы биік, ақыл парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі кең, төзімді тұлғаны қалыптастыру – қоғам алдындағы басты міндет. Халық өзіне дейінгі қоғамда қолы жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны жинақтап пайдалана отырып, шынайы адамгершілік, табандылық қасиеттерге баулып тәрбиелеуді мақсат етіп отырған. Өйткені өмір сүру қаншалықты күрделі болса, алдындағы мақсатынан айнымай, жолда кездескен қиындықты өз бетімен шеше алатын, адами мінез –құлық қасиеттерін басқара алатын өмір сүруге бейімделген, тұрақты тұлғаны тәрбиелеу оңай мәселе емес. Ислам дінінде төзімділік, сабырлық, шүкірлік деген құндылықтардың мәртебесі жоғары. Осы ұғымдар бірігіп, бүгінде толеранттылық ұғымын құрап отыр. «Толеранттылық» сөзі латын тілінен алдымен француз, кейін еуропа тілдеріне енген. Оны «төзімділік» деп аударып жүрміз. Шындығында, оның мәні қазақ тілінде терең мағынада қолданылады. Толеранттылық – рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар мен ұстанымдарға ортақ болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) барлық адамдарға құрметпен, ықыласпен және түсінікпен қарау керектігін айтып, өз іс-әрекеттерімен үлгі көрсете білді. Бұған қатысты Құран Кәрімде: «Егер сен дөрекі қатал болсаң, олар сенен алыстап бет-бетімен кетер еді», «Мұсылман құлдарыма айт, аса сыпайы сөйлесін» деп бұйырған. Қазақ халқының дәстүрі мен салты, әдеті мен ғұрпы мұсылмандықпен біте қайнасып, негізін ислам дінінен алғандықтан, толерантты болуы әр қазақтың ұлттық міндеттерінен деп санаймыз. Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан «біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, «досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, ас­қақтаған хан болса, хан ордасын тап­тай білген елміз”, «…берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара төзімділікке, сыйластыққа шақырады. Қазақ билері «Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан. Толеранттылық – басқа ойға, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сенім-күйге, идеяларға деген төзімділік. Ал, қазіргі таңда бұл ұғым кең мағынаны қамтып, ашық қоғамдық құрылыстың көрсеткішіне айналған төзімділік ұғымы – діни үдерістерден бастау алатын қоғамдық құбылыс. Яғни, толеранттылық – саяси, діни, ұлттық және басқа да қоғамдық топтардың үйлесімді тіршілігін қамтамасыз ететін азаматтық қоғамның негізгі әлеуметтік қағидасы мен құндылығы, әр тұлғаның бірегейлігінің құқықтық көрінісі, әлемдегі мәдениеттердің, ұлттардың ерекшеліктеріне деген құрметі. Ислам мәдениетінде толеранттық сөзін – әт-тасамук сөзімен баламалайды.  Әт-тасамук араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу, ұстамдылық көрсету. Исламда төзімділіктің мәнмағынасын аша түсетін құндылықтардың әрбірінің мазмұны терең. Мәселен, сондай ұғымдардың бастысы әрі негізгізгісі –сабырлық, ұстамдылық, төзімділік қасиеттері. Сабырлық адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі.

           Төзімділік тек күнделікті сөзде, пікірімізде немесе жиналған жерде айтылып қана қоймай, іс-әрекеттерімізде де жүзеге асырылған уақытта пайдасын көреріміз ақиқат. Ислам дінінің негізгі қағидаларының бірі болып табылатын діни төзімділік адамдар арасында бір-біріне деген махаббат, сүйіспеншілік,  көмектесу секілді жақсы істерді насихаттайды. Ислам тарихында бұл тақырып ерекше орынға ие. Ислам тарихына көз салатын болсақ, ешбір уақытта адамдарды қинап, қорқытып, зәбір көрсетіп, зорлық-зомбылықпен исламға кіргізу немесе оны қабылдату секілді оқиғаға кезікпейміз. Ислам мұсылмандардың қол астына өткен жерлердегі өмір сүріп жатқан ешбір адамды зорлықпен дінге кіргізуге рұқсат етпеген. Бұл дін барлық адам нәсілінің өз сенім-бостандығында еркін әрекет жасауына мүмкіндік береді. Құранда Алла Тағала сүйікті пайғамбарына: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алла Тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады» (Юнус, 99) – дейді. Бұл аяттан шығатын нәтиже – жаппай исламды қабылдау тек бір Алланың қалауындағы іс болып табылады. Бұл дүниенің әрбір пенде үшін сынақ дүние екені естен шықпағаны жөн. Қорыта келгенде егемен еліміздің келешегі мен кемел білімі ұлағатты тәрбиеге байланысты.

 

Омаров Нұрперзент Еламанұлы,

Жезқазған қаласы, «Ахмет   Ишан Оразайұлы»                                                                  

мешітінің бас имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz