Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ОРАЗАНЫҢ АДАМ АҒЗАСЫНА ПАЙДАСЫ
09 сәуір, 2021 жыл 1965 Басып шығару нұсқасы

Алланың қалауымен ауыз бекітіп, сауапқа кенелетін ерекше айымыз рамазан айының көлеңкесі де түсіп келеді. Бұл айда қандай тұрмыстық кедергілер болса да қарамастан мұсылмандар ауыз бекітіп Алланың алдындағы парызын өтеуге кіріседі. Бізге ненің қажет екендігін жақсы білуші Жаратушы Иеміз бір істі құлдарына парыз етсе онда ол нәрседе пенде үшін екі дүниеде де пайда болатыны сөзсіз. Асыл дініміз Исламның бес тірегінің бірі ораза. Оның қасиеттері, шарапаты, сондай-ақ ауыз бекітушінің шексіз сауаптарға кенелетіні – оразаның адамға әкелетін рухани пайдасы. Сонымен қатар, ауыз бекітудің рухани ғана емес адам денсаулығына әкелетін дүниелік пайдасы да бар. Осыған тоқатала кететін болсақ, оразаның адам ағзасына айтарлықтай оң әсерін көреміз.

Біріншіден, қазіргі медициналық ізденістердің нәтижесінде ораза тұрғысында үш нәрсені айтуға болады:

* Ораза – ішіп-жеуден тоқталатын жәй ғана діни жоралғы ғана емес сондай-ақ, оның адам денсаулығына зор пайдасы бар екені қазіргі таңда дәлелденіп отыр;

* Ораза – адам толыққанды өмір сүру қалпын ұстап тұруы үшін маңызды процесс;

* Ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам организміне өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Егер адам ұзақ мерзімге ұйқыдан не тамақ жеуден тыйылса денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны секілді адам ораза ұстамаса ағзаларына зиян келетіні анықталып отыр.

 * Жасушалар жаңарып ескілері жойылады. Ораза – адам организміндегі қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып әл жинап алу қажет. Бұл – адам ағзасындағы жасуларды жандандырып, керек еместерін жою процессіне қажет уақытқа дәлме-дәл келеді. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін адамның ішкі организмдері белсенділікпен жұмыс істейді. Осы сәтте адам ағзаларының белсенділігі артып, өміршеңдігі күшейе түседі. Сондай-ақ ораза адам организімін тас, артық ет, май мөлшері сияқты зиянды заттардан арылтады

*  «Қант» ауруына тосқауыл болады. Ораза тұту – қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі, ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Ұйқы безі қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулинен артық мөлшерде тамақ жейтін болса онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Осылай жалғаса берсе ұйқы безі өз функциясын атқарудан қалады. Осы уақытта адам бойындағы қант қанға тарай бастайды да оның қандағы құрамы бірте-бірте көбейіп адам қант ауруына шалдығады. Қазіргі әлемнің біраз жерінде қант дертіне шалдыққан адамдарды ораза тұту арқылы емдеу етек алуда. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай қант ауруын емдеудегі өте ұтымды жол екенін медицина дәлелдеп отыр.

* Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді. Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін жейтін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе бойдағы артық салмақтан арылуға ораза таптырмайтын әдіс. Яғни, адам ұзаққа уақытқа қарны аш жүріп бірден ауыз ашқан кезде тамақ пен сусындарға тойып алмағаны жөн. Себебі бұл керісінше салмақтың көбеюіне әкеп соғады. Алла елшісі (с.а.с) ауыз ашар кезде тек бірнеше құрмалардан дәм тартып, аз ғана су ішіп ақшам намазына тұратын. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы бір әдеті бәрімізге үлгі бола алады. Себебі құрманың құрамында қант бар, ал қант қан құрамына тез тарайды сол себепті адам аузын құрмамен ашатын болса бірден тоқшылықты сезінеді. Сонымен қатар құрма адам ағзалары қалыпты жұмыс істеу үшін қажетті энергиямен қамтамасыз етеді.

* Тері ауруларына пайдасы бар. Ауыз бекітудің тері ауруларымен күресуде пайдалы әсері бар. Себебі адам ораза тұтқан кезде қандағы су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл  – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микроптар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ қышыма аурының адам денесіне әрі қарай таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да оң әсерін тигізеді.

5. Тұз байлану аруына пайдасы бар. Бұл дерт көп тамақтанудан әсіресе еттен жасалған өнімдермен көп қоректенуден пайда болады. Сондай-ақ адам шамасынан тыс тамақ жегенде бұлшық еттердегі протейн құрамы тым көбейіп, бұзыла бастайды. Бұл адам буындарына әсіресе аяқтағы үлкен бармаққа несеп қышқылының жиналуына әкеп соғады. Адам тұз байлану ауруына шалдыққан кезде әлгі буындар ісіп, қызарады да ауырта бастайды. Сондай-ақ қандағы несеп тұзының мөлшері көбейіп ол бүйрекке жиналып, тұнады. Бұл процесс ақырында бүйректе тас пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан тамақ пен судан тыйылып біраз уақытта ауыз бекіту бұл дертті емдеудегі ұтымды жол.

* Ас қорыту жүйесі дем алады. Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Дегенмен адам организімі өзінің табиғи функцияларын атқарады және тамақ қорытуға арналған сөл әдеттегіден аз мөлшерден бөлінгенімен сөл бөлу процессі қалыпты жағдайда өз қызметін атқара береді. Бұл адамның сөл бөлу жүйесін жақсартып, бір қалыпқа түсіреді. Бірақ бір ескерте кететін жәйт ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни, асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет.

* Жағымсыз тәуелділіктерден арылады. Жағымсыз тәуелділіктер десе алдымен көз алдымызға түтіні бұрқыраған темекі келетіні хақ.  Өкінішке орай оған тәуелділіктен жәй адамдарды айтпағанда бес уақыт намазын оқып жүрген бауырларымыздың арасында да зардап шегіп жүргендер бар. Сондай кісілер үшін рамазан айы – арам әдеттен арылуға таптырмайтын кезең. Себебі басқа күндері «темекіні тастаймын» деп өзіңізге уәде беріп артынан нәпсі құрғырдың айтқанына ілесіп кеткеніңізбен, оразаның уақтында Алладан қорқыныш бұдан сізді иншалла қайтарады. Әрине қазіргі заманда тәуілділіктің түр-түрі көбейіп кетті. Бұлардан арылу алдымен адамның өзіне байланысты. Оразаның күнінде тоқтатып, түнінде қайта бастауы да мүмкін. Бірақ біліп қойыңыз, Рамазан айы тек ауыз бекітіп қана қоймай сондай-ақ жаман сөздерден, ұсқынсыз әдеттерден, жағымсыз тәуелділіктерден айырылуға көмектесетін мүмкіндік айы. Арыла алмай жүрген тәуелділіктеріңіз болса мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Осыларды зерделеп қарасақ Алла Тағала бізге ораза ұстауға әмір беру арқылы тек ақыретімізді ғана емес осы дүниеде де деніміз сау болып жүрумізді қалаған екен. Расында бізге Жаратушымыздай мейірімділікті, шапағатты ешкім көрсете алмайды. Ендеше біз ауыз бекіту арқылы ақыретімізге азық жинауымызбен қатар осы дүниеде де салауаттылықты ұстанамыз. Алла ұстаған оразаларыңызды қабыл қылсын!

            Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары