Center Image
IHSAN.KZ
2021 жылы қасиетті Рамазан айы қалай өтеді
2021 жылы қасиетті Рамазан айы қалай өтеді

Биылғы жылы қасиетті Рамазан айы да пандемия жағдайында өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандастарды Ораза және ғибадат кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды және қасиетті айдағы онлайн-іс-шаралар туралы айтты.

- Биыл Рамазан 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.  8 мамырдан 9 мамырға дейін - Қадір түні. 13 мамыр - Ораза айттың бірінші күні. Әрбір отбасы мүшесі үшін берілетін пітір-садақа мөлшері 420 теңге сомасында белгіленді. Бұл екі килограмм ұнның ең төменгі бағасы, - деді Бас мүфти.

Пітір садака мен зекетті өткен жылы іске асырылған жоба бойынша, яғни Kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн режимінде беруге болады.

- Біз жұқпалы ауруларды тек оқшаулау және алдын-алу арқылы жеңуге болатындығын нақты түсіндік. Сондықтан мен ораза ұстау және ғибадат ету кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық - адамзат үшін ең құнды сыйлық, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рамазан айында онлайн-уағыз, "сұрақ-жауап" айдарын жүргізуді жалғастырады. Құран да қашықтан оқылады.

Барлық ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан табуға болады. Сондай-ақ, мұнда Қазақстан қалаларында ауыз бекіту және намаз уақыттарының кестесі жарияланған.

Рамазан Қарағанды облысында қалай өтетінін өңірдің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа айтып берді.

- Өкінішке орай, биыл біз Рамазанды тағы да шектеулермен өткіземіз. Өткен жылы Рамазан айында тарауих намазы оқылмады. Биылғы жылы да солай болмақ. Әрбір мұсылман өзі намаз оқиды, - деді Өмірзақ қажы Бекқожа.

Рамазан айында облыста түрлі қайырымдылық акциялары өткізіледі: мұқтаждарға азық-түлік таратылады, ифтар жеткізуді ұйымдастырады және т. б.

Қасиетті Рамазан айында COVID-19 вакцинациясына қатысты келесідей мәлімет берілді.

- Егер зат ас қорыту жүйесіне ауыз немесе мұрын арқылы енсе, ораза бұзылады деп саналады. Инъекция және коронавирусқа қарсы вакцина енгізу жағдайында мұндай жағдай орын алмайды, - деп түсіндірді Қарағанды облысының бас имамы.

Ол аймақ тұрғындарын халық көп жиналатын орындарға бармауға және денсаулығына қамқорлық жасауға шақырды.

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz