«Ислам және адал қоғам» жылы аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде бұқара халыққа және жастарға ақыл-кеңес айтатын «Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті.
Ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болған қазыналы қариялар бас қосқан жиынға өңірге қарасты алпысқа жауық ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Семинарда арнайы алғы сөзді алған ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай қажы Айтуғанұлы ақсақалдардың қоғамдағы мәртебесі жөнінде сөз қозғап, аталар институтының орны айрықша екендігін тілге тиек етті.
Берекелі шараға Қарағанды облысы бойынша дін істері басқармасының басшысы Жанболат Ахуанұлы арнайы қатысып, қоғамдағы аталар институтының маңызы жайында баяндама оқыды.
Сонымен қатар, семинардың құрметті қонағы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедғали Ілиясұлы арнайы сөз алып, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған рухани шараның мән-мақсатын түсіндірді. Сондай-ақ, дін мен дәстүр бағыты аясында бас қосқан ақсақалдарға өзінің жылы лебізін білдірді.
«Өнегелі ұрпақ тәрбиесі мен қоғам жастарына насихат айтып, қазыналы қария сөзімен елді ауызбіршілік пен тұтастыққа тәрбиелейтін аталар мектебі ізгі қоғамның игі бастамасы болары сөзсіз», - деп, Қарағандылық ақсақалдар алқасы бір ауыздан қолдау танытты.
Кеш барысында ақсақалдардың құрметіне берекелі дастархан жайылып, құрметті қонақтарға өкілдік атынан сый-сияпаттар үлестірілді. Алдағы уақытта «Аталар мектебі» аясында рухани-тәрбиелік іс-шаралар жалғасын таппақ.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы