Отбасы – қоғамның негізі. Ислам діні отбасылық қатынастарға ерекше мән береді. Ерлі-зайыптылар арасында туындауы мүмкін келіспеушіліктер – өмірлік шынайылық. Тіпті ең тату, үйлесімді жұптардың өзінде де мұндай жағдайлар кездесуі мүмкін. Мұндай сәттерде отбасылық қарым-қатынастарды реттеуде үлкендердің, әсіресе қайын атаның рөлі айрықша.
Ислам пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) – бүкіл мұсылман үмбетіне өнеге болған тұлға. Оның қызы Фатима мен күйеу баласы Әлидің отбасылық өмірінде кездескен кейбір қиындықтар мен келіспеушіліктерді шешудегі пайғамбарлық даналығы қазіргі қоғам үшін де өзекті.
Мәселен, Пайғамбар (с.ғ.с.) Фатима мен Әлидің некесін қарапайым әрі шынайы түрде қиды. Ол Әлиге ауыр талаптар қоймай, неке және той шығындарында жеңілдік жасады. Фатиманың жасауы ретінде сатып алынған мүлік тек қарапайым тұрмыстық заттардан құралды: барқыт мата, су құмырасы, жастық пен пеш. Бұл әрекет арқылы Пайғамбар (с.ғ.с.) жастарға рухани әрі материалдық қолдау көрсетудің үлгісін көрсетті.
Фатиманың тұрмыстағы ауыр еңбегіне қатысты Пайғамбардың (с.ғ.с.) жауабы да назар аударарлық. Фатима мен Әли көмекші сұрағанда, ол: «Мен тұтқындарды босатып, аш қалғандарды тамақтандыруды жөн көремін» – деп, олардың өтінішін қабылдамайды. Алайда ол Жәбірейілден үйренген зікірлерді үйретіп, қиындықтарға рухани тәсілмен қарсы тұруға шақырды (Муслим хадисі).
Пайғамбар (с.ғ.с.) сондай-ақ Фатима мен Әлидің ара-қатынасына ерекше мән беріп, оларға жиі дұға ететін. Бір хадисте ол былай дейді: «Уа, Алла, мен бұл екеуін жақсы көремін, Сен де оларды жақсы көр, ұрпақтарын жарылқа» (Сунан). Бұл дұғалар – әкелік мейірім мен рухани қолдаудың көрінісі.
Келіспеушілік кезінде Пайғамбар (с.ғ.с.) тарапынан жасалған татуластыру әрекеті де – айрықша үлгі. Бірде ол Фатиманың үйіне келгенде Әлидің үйде жоқ екенін біліп, іздеп, мешіттен тапқан. Әлидің үстін топырақ басып жатқанын көріп, оны: «Ей, Аба Тураб (топырақ иесі), тұр!» – деп оятып, әзілмен әрі сүйіспеншілікпен үйіне ертіп апарады (Бұхари хадисі). Бұл жағдайдан кейін олардың татуласқаны белгілі. Бұл оқиға Пайғамбардың отбасылық татуластырудағы ізгілікті тәсілін көрсетеді.
Осылайша, «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген тіркес – жай ғана халық даналығы емес, нақты тарихи және діни негізі бар қағида. Бұл сөз – күйеу балаға құрметпен қараудың, оны отбасының бір мүшесі ретінде сыйлаудың маңызын білдіреді.
Қазақ халқының дәстүрінде де күйеу балаға үлкен мән беріледі. Оған төрден орын беріп, құрметтеу – әдеп пен тәрбиенің белгісі. Бұл тұрғыда ислам діні мен ұлттық дәстүр өзара үндеседі.
Қорытынды: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күйеу баласы Әлиге деген сый-құрметі, қызымен арақатынастарын үйлесімді ұстауы – қазіргі заманғы отбасылар үшін де тағылымды үлгі. Бұл – ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік, үлкендердің жол көрсетуі мен рухани қолдаудың маңызын айқын көрсететін өнегелі мұра.
Азамат Төлеухан
Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффaр» мешітінің ұстазы