Center Image
IHSAN.KZ
Дастархан әдебі
Дастархан әдебі

Қазақ халқы - кең пейілімен, қонақжайлылығымен ерекшеленіп тұрады. Ол келген қонаққа риясыз көңілімен қатар, көл-көсір дастарханын жаяды деген сөз. Дастархан-қазақ халқы үшін ерекше қастерлі ас ішетін орын.

 

Келген қонаққа дастарханды дайындауға ерекше мән берген. Дастарханның  таза, әдемі және ыңғайлы болуына да көңіл бөлген. Ас құралдары, дастархан, ыдыс-аяқтар мұқият таңдалып, орналастырылған. Қазақ мәдениетінде дастархан басында қонақтарды жылы қарсы алады. Қонақтарға орын беру, оларға құрмет көрсету – дастархан әдебінің басты қағидаларының бірі. Қонақтар келгенде, үй иесі оларды сәлемдесіп, дастарханға шақырады. Дастархан басына отырудың да өз ерекшелігі болған.

 

Дастархан басына алдымен ақсақалды қариялар, құрметті, сыйлы адамдар, әрі қарай әр адамның жас ерекшелігіне, оның үй ішіндегі лауазымына байланысты орналасу реті болған. Ежелгі дәстүр бойынша, ең сыйлы, жасы үлкен адам киіз үйдің төрінде, яғни есіктің қарама-қарсы жоғарғы жақ бөлігінің дәл ортасына отырғызылады. Осы адамның оң жағын ала жасы мен мәртебесіне сай келесі қонақтар орналасса, сол жағында үй иесі, оның сол қол жағына үй иесінің бәйбішесі отырады. Дастарқан басында отырған кезде төрдегі үлкендер ғана малдас құрып отырып, басқалары бір тізесін астына бүге, бір тізесін алдына тік жүрелей қойып отырады. Осындай дәмдес болып үлкен, сыйлы кісілердің қолынан дәм татқан немесе осындай кісілерді дастарқан жайып қонақ еткен қазақ , дастарқандас болғанбыз; қолынан дәм татқанбыз; дастарқанымызға батасын берген деп мақтаныш қылған. Дәмді, дастарқанды киелі санағандықтан, бір табақтан ас жеген адамдар жақын, жолдас-жора, яғни дәмдес болды деп есептелетіндіктен, олар кейін өзара ешқашан жамандыққа барыспайды деген сенім болған. Мұны қазақ халқы «Бір күн дәм татқанға, қырық күн сәлем»,-деген сөзбен  қысқа, нұсқа  айтқан.

Қазақтың дастарқаны үстінде ақсақалдардың келелі кеңесі, аталы әңгімелері, аузы дуалы би-шешендердің нақыл сөздері айтылған. Дастархан басында бірге отырған адамдар бейтаныс адамдармен танысып, дәм-тұзы жарасып, араздасып жүргендер болса, татуласып кетеді. Қазақ шақырғанда келмеген, дәм татпай кеткен адамды «дастарқанды сыйламады, дастарқанды аттады»,-деп сөгеді. Үлкен ас келгенде қариялардың бірі асқа бата береді. Онда негізінен «дастарханға береке, басқа амандық, денге саулық» тілеген, ізгі ниетті тілектер айтылады. «Дәмнен үлкен нәрсе жоқ»,-деп санайтын дәстүрлі ортада дастарқан басында бұлжымас ұлттық қағидаларымыз бар. Олар отбасы мүшелерінің, қонақтардың дастарқан басында орналасуы, өзін ұстауы және сыйлы тағамдардың маңызы мен ретіне карай, тартылуы, бата жасау, асату, сыбаға ұсыну, дәм қайтарылуы, ас қайыру сияқты дәстүрлі ұстанымдардан құралады.

Сонымен қатар дастархан басында мұсылманның өзін қалай ұстауына қатысты әдептер де қарастырылған екен.

Тамақтың алдында және соңында қолды жуу керек. Қазақ халқында «қолға су құю» әдебі болған. Үлкен кісілерден бастап, жағалай қолдарына су құйып, батасын алған. Сонда үлкендер «Судай тұнық бол, ғұмырлы бол, таудай азамат бол, еліңнің елеулісі, халқынның қалаулысы бол»,-деп алғыс айтып, ақ батасын береді. Қазақта «Қолға су құйғанға сауап көп»,-деген  сөз бар.

Ас-су ішердің алдында «Бисмилляһи-р-Рахмани-р-Рахим»,-деп Алланы еске алудан бастау керек. Әбу Хурайра (р.а) Алла Елшісінің былай айтқанын келтірген. «Алланы еске алусыз басталған кез-келген сөз бен іс толымсыз болып есептеледі» (Ахмад)

Дастархандағы асты алдымен үйдің үлкені, сырттан кісілер келген жағдайда, қонақтардың үлкендері бірінші ас алған соң ғана, жастар тамақтанады. Ас ішу барысында дәмдес болып отырған адамдарға ұнайтын ортақ тақырыпта әңгіме өрбіткен және ауқаттанудың да этикасы сақталған. Тамақтану барысында,  отырған адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы, ықыласы байқалған.

Тамақтану барысында, тамақты молынан асап жеуге тырыспау керек. Себебі,

   Пайғамбарымыз:

   «Мүмін, бір адамның асын жейді, ал имансыз жеті адамның асын жейді»,-деген болатын. (Ахмад, Мүслим, ат-Тирмизи).

   Дастархан басында келген қонақтың мазасын орынсыз алуды әдепсіздікке балаған. «Сіз мына астан міндетті түрде жеңіз»,-деп, әр нәрсені тықпалау да орынсыз.         Үш реттен артық қолқа салу артық саналған. Ас ішу барысында, жерге нан түсіп кеткен жағдайда көтеру керек. Өйткені Пайғамбарымыз: «Нанды қадірлеңдер!»           деген. (Әл-Хаким, әл-Байхакы)

   Тамақтанып болған соң Алла Тағалаға өз ризашылығымызды білдіріп, сүннетке сай: «Бізге ішіп-жегізген, әрі мұсылман етіп жаратқан Аллаға шүкір” немесе                   «Әлһамдулиллә» (Аллаға шүкір) деп айту керек.

   Жалпы алғанда, қазақтың дастархан әдебіндегі ең керемет мәдениет - ас мәзірін рет-ретімен қойып, дастарханның берекесін кіргізу. Келген қонақтың ас қайыру           батасы - берекенің батасы деп есептелген. Бұл өте тамаша салтқа айналған жақсы ырым,  дастархан әдептерінің бірі.

   Дастархан басында ас ішіп отырған адамға сырттан кірген адам кеудесін басып, сәлем береді. Бірақ қол алысып амандаспайды. Өйткені қолы майлы кісінің қолын       үстау дастархан әдебіне жатпайды. Атам қазақта "Сәлемші боласаң, төрге шық",-деп алыстан амандасып, төрден орын сыйлау қазақтың ежелден жалғасып келе         жатқан дастархан әдебіне жатады.
   Қазақ - үйге келген кісіге астан дәм татқызбай жібермейді. Егер дастархан жайылмаған кезде келсе, ең кемінде айран, ірімшік, құрт сияқты жеңіл-желпі тағамдар           ұсынатын болған. Асты қадірлейтін қазақ «дәм-тұзымды тат, расыңды айт» дейді. Қастандық қылған біреу жайлы "дәм-тұзыма тапсырдым" дейді. "Татқан дәмге қас     қылған адам оңбас",-деп ырым етеді.
  Қазақ халқы алдына ас келгенде, дастархан басында ғайбат сөз, өсек айтпайды. Келелі кеңестер, ел, жер, Отан, ұрпақ тарихына байланысты ұлы әңгімелер айтып,    ұлы істерді ақылдасып шешіп отырады. Бір ауыз жаман сөз айтса, сол адамның дастарханнан жеген тамағы 40 күн мәкрух не арам болады. Тілеген тілегі 40 күн          бойы қабыл болмайды. Қазақтың дастархан әдебінде ас үстінде, дастархан басында жаман сөз, ғайбат, өсек айтуға, біреуді жамандауға қатаң тыйым салынған.          Қазақта "Қонақ он несібемен үйге кіреді, соның бірін жеп, тоғызын үйге тастап кетеді», "Қонақ көп келген үйдің ырзығы мол болатыны содан", "Қонақ келерден бұрын    оның ырзығы үйге кіріп болады"-деп ырымдап, келген қонақты аса жоғары құрметпен қарсалып алады. Қазақ "Қырықтың бірі қыдыр",-деп қонақты бақ пен бақытқа        бағалайды әрі бәйек болып күтіп, ренжітпей аттандырады. Кетерінде бұйымтайын да сұрап, қалағаны болса беріп, ақ жол тілеп аттандырады.

  Мұндай деректер этнограф жазушы, сыншы, педагог, фольклортанушы, академик Болат Бопайұлының еңбектерінде жазылған.

Қазақ халқында «ас-адамның арқауы»,-деп баға берген. Сондықтан дастарханға да басқаша  мән берген. «Дастархан таза болмай, денсаулық болмайды» –деп есептеген.. Дастархан - киелі зат, рухани дүниенің шынайы көрінісі, береке - бірліктің басы, туысты жақындатқан алтын арқауы, қонақжайлықтың белгісі, қазақ халқына ғана тән, ұлттық құндылығымыздың бірі болып саналады.

 

Ерлан Орынбай

Ақтоғай аудандық мешітінің наиб имамы 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz