Тілдік нұсқа
Радио

мақала

КЕРЕМЕТІ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН ТУФӘЙЛ БИН ӘМІР ӘД-ДӘУСИ
23 қыркүйек, 2018 жыл 445 Басып шығару нұсқасы

Туфәйл бин Әмір әд-Дәуси (р.а.) – Пайғамбарымыздың дұға етуімен керемет берілген сахаба. Туфәйл бин Әмір әд-Дәуси жәһилия дәуірінде Дәус тайпасының мырзасы әрі жұрт сүйіспеншілігіне бөленген араб көшбасшыларынан және санаулы тұлғаларынан бірі еді. Қазаны оттан еш түспейтін, есігі де келген-кеткендер үшін үнемі ашық жомарт жан-ды. Аштың қарнын тойғызып, өзін паналағандарға қорған болып, ешкімнен көмегін аянан жан емес. Сондай-ақ, өте ақылды, дарынды бір әдебиетші еді. Нәзік және жұмсақ сезімді, сөздің балын да, уын да, тіпті сиқырлы әсерін де ажырата алатын ақын еді.

Туфәйлдің мұсылман болуына да оның сөздің парқын ажырата білер осы бір қабілеті себеп болды. Бір күні сахаба Туфәйл өзінің қоныс тепкен елдімекені Тихамадан Меккеге бару үшін жолға шығады. Бұл уақытта Меккеде мүшріктердің Пайғамбарымызға қарсы алапат күресі жүріп жатқан еді. Мүшріктер өздеріне жақтас жинап әлек. Ал Пайғамбарымыз болса, адамдарды Аллаһ Тағаланың дініне шақыруда. Оның қаруы  – иман мен ақиқат еді. Ал Құрайыш кәпірлері Пайғамбарымыздың бұл «қаруына» қарсы түрлі айла-шарғыларға бас ұруда.

Туфәйл бұл соғыстың ішіне ештеңеден хабарсыз күйде топ ете қалды. Негізінен ол Меккеге бұл мақсатта келмеген болатын. Ол Пайғамбарымыз бен «құрайыштықтардың» арасындағы бұл мәселеден мүлдем бейхабар еді. Міне, бұл оқиғаның қалай болғанын Туфәйлдің өз аузынан естиік: «Меккеге келдім. Құрайыш лидерлері мен үлкендері жиналып, менімен кездесуге келді де:

– Ей, Туфәйл! Қаламызға қош келдің. Мына «пайғамбармын» деген адам ісіміздің берекетін қашырды. Арамызды ала тайдай етті. Айрандай ұйып отырған бізді іркіттей ірітті. Біздің басымызға туған дүниелердің  енді сенің және қауымыңның да басына келуінен қорқамыз. Бұл адаммен сөйлеспе, оған құлақ түрме. Оның сөздері сиқыр секілді. Ұл мен әкенің, аға мен бауырдың, күйеу мен әйелдің арасын бұзды, – деді.

Сөйтіп маған Мұхаммед жайлы біртүрлі әңгімелер айтып, оның «оғаш» қылықтарынан мені және қауымымды сақтандырумен болды. Ақыры оған мүлдем жақындамауға, онымен сөйлеспеуге, тіпті одан ештеңе де тыңдамауға бел будым.

Ертесі күні Қағбаны тауап етіп, әдеттегідей зиярат ететін пұттарымыздан жолымның ашылуын тілеу үшін мешітке бардым. Тіпті, Мұхаммедті тыңдамау үшін құлақтарыма мақта да тығып алдым. Сөйтіп, мешітке кіріп барғанымда Оның тік тұрып, біздің ғибадаттарымыздан басқа түрлі ғибадат етіп жатқанын көрдім. Оның бұл көрінісі мені қатты әсерлендірді. Ғибадаты да мені толқытып жіберді. Оған жақындап бара жатқанымды байқадым. Қаламасам да қасынан табылдым. Аллаһ Тағаланың нәсіп етуімен кейбір сөздері құлағыма жетіп жатты. Ғажайып сөздер еді. Сосын өз-өзіме:

– Өкініш болсын саған! Сен өлең-жыр жазған ақылың бар, саналы жансың. Жақсы мен жаманды ажырата аласың. Не себепті бұл адамның сөздерің тыңдамайсың? Оның сөздері жақсы болса, қабыл етерсің, жаман болса, бас тартарсың, – дедім.

Сөйтіп, Пайғамбарымыз үйіне қайтқанша сол жерде болдым. Үйіне қайтқанда артынан еріп бардым. Тура үйіне кіре бергенде артынан мен де кіріп келдім де:

– Мұхаммед! Қауымың маған сен жайлы небір дүниелер айтты. Уаллаһи, олар сені маған адам шошырлықтай танытты. Тіпті, сенің сөздеріңді естімеу үшін құлақтарыма мақта та тығып алдым. Бірақ Аллаһ Тағала маған сенің сөздеріңді естіртті. Бұл сөздерің ғажайып сөздер. Маған дініңді үйрет, – дедім.

Ол маған Ислам дінін түсіндірді. Құраннан Ықылас пен Фәләқ сүрелерін оқыды. Аллаһ Тағаланың атымен ант етемін, мен бұған дейін бұл сөздерден көркем бір сөз естімегенмін әрі оның дінінен тура және әділ дін көрмегенмін. Сол жерден бірден Пайғамбарымызға қол тапсырып, Аллаһ Тағаладан басқа тәңірі жоқ екеніне және Мұхаммедтің Аллаһ Тағаланың елшісі екеніне куәлік етіп, мұсылман болдым.

Сосын біраз уақыт Меккеде қалдым. Осы уақыт ішінде Исламның әмірлерін үйрендім және біраз Құран жаттадым. Еліме қайтуға шешім қабылдағанымда Пайғамбарымызға   келіп:

– Уа, Алланың Елшісі! Мен қауымымның ішінде сөзім жерде қалмайтын жанмын. Жұртыма қайтып, оларды Исламға шақырайын. Бұл істе менің оларға деген әсерімді арттыратын бір керемет беруі үшін Аллаһ Тағалаға дұға ет, – дедім. Пайғамбарымыз да :

– Уа Раббым! Оған бір керемет нәсіп ет! – деп дұға етті.

Мен де жолға шықтым. Жолда бір төбеге шыға бергенімде маңдаймынан шамдай жарқыраған бір сәуле байқалды. Сол кезде Аллаһ Тағалаға: «Аллаһым! Бұл сәулені маңдайымнан басқа бір жерге ауыстыр. Халқымның олардың дінінен кеткенім үшін пайда болған бір ауру деп ойлауларынан қорқамын», – деп дұға еттім. Сәуле де маңдайымнан ауысып қамшымның басына келді».

Міне, Аллаһ Елшісінің дұға етуімен Аллаһ Тағалаға Туфәйлге осындай керемет сыйлайды. Ол қауымына жеткенінде әкесін мен әйелі «сенің дінің – менің дінім» деп бірден Ислам дінін қабылдады. Мәшһүр хадисші сахаба Әбу Хурайра да Туфәйлдің елінен еді. Ол да еш тартынбастан бірден мұсылман болды. Бірақ халықтың басым көпшілігі Ислам дінін қабылдауға асықпады.

Біршама уақыттан соң Туфәйл бин Әмір жанына Әбу Хурайраны алып, Меккеге Пайғамбарымызға келеді. Пайғамбарымыз Туфәйлге:

– Қауымыңда не жаңалық, Туфәйл? – деп сұрады.

– Ақиқатты көрмеген жүректер мен шектен шыққан күпірлік қалды қауымымда. «Дәустіктердің» жанына күнәһарлық пен бойұсынбаушылық жақын келді – деді Туфәйл. Пайғамбарымыз орнынан тұрып, дәрет алып, екі рәкағат намаз оқыды да қолдарын көкке көтерді. Сол кезде Әбу Хурайра былай дейді: «Оның бұл әрекетін көрген кезде қауымыма теріс бата беріп, қауымым құрдымға кете ме деп қорқып кеттім де:

– Халқым-ау! – дедім. Бірақ Пайғамбарымыз :

– Аллаһым! Дәус тайпасын турға жолға баста! Аллаһым! Дәус тайпасын турға жолға баста! Аллаһым! Дәус тайпасын турға жолға баста! – деп дұға етті. Сосын Туфәйлге бұрылып: «Енді қауымыңа бар да, оларға жұмсақ қарым-қатынас қылып, Исламға шақыр», – деді.

Әрі қарай Туфәйл былай дейді:

«Дәустіктерді» үнемі Исламға шақырдым. Пайғамбарымыз Мәдинаға һижрет етті. Бәдір, Ухуд, Хәндәк соғыстары болды. «Дәустіктерден» Исламға кірген және иманына берік деген 80 мұсылман отбасымен Пайғамбарымызға келдім. Пайғамбарымыз бізге риза болды. Басқа мұсылмандармен бірге бізді де Хайбар соғысынан түскен олжаларға ортақ етті».

Осыдан кейін Туфәйл өзінің қауымымен үнемі әскердің оң қанатынан табылды.

Бір күні Туфәйл бин Әмір бір түс көреді. Ол түсін сіздерге келесі жолы баяндап береміз.

Абдуррахман Рафәт әл-Бәшәнің "Сахаба өмірінен көріністер" атты еңбегінен

Әзірлеген: Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары