Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ризық - несібе
16 наурыз, 2015 жыл 19063 Басып шығару нұсқасы

1349424508_tengeМатериалдық игіліктерді біз ризық дейміз. Дәл осы материалдық игіліктер бізді қатты мазалайды, көп әуреге салып, қателікке ұрындырып жатады.  Мұсылманның материалдық емес, яғни рухани құндылықтары болуы керек ең алдымен. Хадисте: «Дүниені жақсы көру – бар қиындықтың бастауы»-деген. Шынында адам үшін шынайы құндылық не?  Ең алдымен «ризық» сөзін толық түсініп алайық. Құранда: «Бұл кітапта күмән жоқ. Ол бес уақыт намаз оқып, өздеріне Мен бергеннен жұмсайтындарға жол көрсетеді»-делінеді. «Ризық» сөзінің мағынасы кең. Көпшілгіміз «ризық» дегенді байлық, дүние-мүлік деп қана түсінеміз. Бұл мүлде қате пікір. Ризық – бұл Алла Тағаланың өзінің құлдарына беріп жатқан барлық жақсылығы. Бұл материалдық та, рухани да игілік болуы мүмкін. Бізге Алла берген несібенің бәрі біздің ризығымыз. Әрине бұл игіліктердің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Ризықты тек Алла береді. Құрада: «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық етсін деп қана жараттым. Мен олардан сыбаға сұрамаймын, Мен олардан тамақ әкелуін талап етпеймін. Шынында Алла несібе беруші»-дейді. Ризықтың екі түрі болады: анық және жасырын. Анық ризық – бұл біз ішіп-жейтін, ауқаттанатын азық-түлік, тамағымыз, қолданатын дүние-мүлкіміз. Ал жасырын ризық Алланы тану, Алламен байланыста болу, Алланың сенің жүрегіңді толтыратын нұры. Ризықтың бірінші түрі осы өмірде қалса, екіншісі о дүниеде бізге мәңгілік өмірдің бақытын сыйлайды. Мұсылман мен мұсылман емес адамның несібеге көзқарастары екі бөлек. Мүмін несібе-ризықты Алланың беретінін біледі, сенеді. Құранда: «Жер бетінде Алланың несібе бермеген жаратылысы жоқ» -делінеді. Адам баласы ғана емес, бүкіл жаратылыс несібесін Алладан алады. Ал мұсылман емес адам несібеге «өзім қол жеткіздім» деп есептейді. Бұл әрине шайтанның азғыруынан айтылатын сөз.


Материалдық игілік – жаман да емес, жақсы да емес. Оның жақсы не жаман болуы оны адамның қалай қолданатынына байланысты. Егер адам Алласын ұмытпай, тура жолдан таймай сол материаалдық игілігінің өзін Алланың ризалығы үшін деп пайдаланса қайыры болмақ. Ала егер ол дүние адамды ашкөздікке, алаяқтыққа және т.б. жаман істерге жақындатар болса онда қайырсыз болғаны. Сол себепті де ризық-несібені адал жолмен, рұқсат етілген амалдармен іздеу керек.


Алла елшісі өзінің хадисінде: «Ешбір жан өзінің ризық-несібесін алмай бұл дүниеден қайтпайды. О, Аллланың құлдары! Алладан қорқыңдар, дүниелік игілікті іздегенде орташа болыңдар»-дейді. Қазақ мұны «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді»-дейді. Демек алла нәсіп етіп бізге бұйырған нәрсе біздікі. Ал дүниеге қанша көз тоймай қуғанмен ақша өмірі жеткізбейтінін күнделікті өз тірлігімізден-ақ көріп жүрміз.


Адам кәсіп таңдағанда абай болуы керек. Харам жолмен жылдам пайда табуға үйреніп алған адамның одан айығуы екі талай. «Құныққаннан дәніккен жаман» дейді халқымыз мұндайды. Адал кәсіп еткен адам қор болмайды. Алла елшісі: «Сен рұқсат етілген, адал тамақ жесең Алла сенің дұғаңа жауап береді»-деген. «Сен шүкір еткен аз дүние, сен шүкір етпеген көп дүниеден жақсы»-дейді.  Себебі көп дүние адамның тәубе шүкірін ұмыттыратын болса оның қайыры жоқ.


Пайғамбарымыздың Алланың ұлылығын көрсететін мынадай керемет хадисі бар: «Менің құлдарымның арасында байлықтың арқасында ғана иманды болып жүргендері бар, оларды Мен кедейлендірсем олар кәпір болады. Сондай-ақ менің құлдарымның арасында кедейліктен иманды болып жүргендер бар, Мен оларды байытсам  олар кәпір болады»-дейді. Міне бұл өмірдің өзіміз көріп жүрген шындығы. Расында астымызға машина бітіп, жұмысымызда бір сатыға жоғарылай қалсақ Құдайымызды ұмытып, кеудемізге тәкаппарлық пайда бола қалатыны бар. Байлығымыздан айырыла қалсақ «Мен не жаздым» деп қарғанып-сіленіп шыға келетін әдетіміз де жоқ емес.


Шынайы байлық – иман байлығы, жүрек байлығы, бір Аллаға күмәнсіз сену. Хадисте: «Алла кімге жақсылық тілесе Ол оған дінді түсіндіреді»-деген. Ендеше Алланың жақсы көрген құлдарынан болайық. Адал жолмен еңбек етіп, қажетімізді табуға, отбасын асырауға, жақсы киініп, жақсы жүріп тұруға барынша амал ету міндет. Бірақ Алланы ұмытып ашкөздік танытпау қажет. Әр тиынымызға шүкірлік етер болсақ, жаман мен жақсының Алланың қалауымен орын алып жатқанын, еш нәрсе Алланың қалауынан асып кетпейтінін түсініп амал жасар болсақ сіз бен бізден ақылды адам жоқ.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары