«Дін мен дәстүр» бағыты аясында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде ақсақалдар мен жамағаттың қатысуымен тағылымды басқосу ұйымдастырылды.
Дәстүрлі кездесуде жиналған қауымға дін мен дәстүр сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесі, үлкенді құрметтеу, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі және қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызы туралы насихат айтылды. Ақсақалдар жастарға өнегелі өмір сүрудің жолдарын түсіндіріп, халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтау мен ұлттық тәрбиені жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, шара барысында «Әнет баба» мешітінің ұстазы Жүсіп Шұғайұлы жуырда атқарған қажылық сапары жайлы әсерлі әңгіме өрбітіп, қасиетті сапардың рухани мәні мен маңызы туралы баяндады. Ол қажылықтың мұсылман өміріндегі орнына тоқталып, қасиетті мекендерде алған тағылымдары мен әсерлерін жамағатпен бөлісті.
Басқосу соңында қасиетті Құран Кәрім аяттары оқылып, ата-баба рухына бағыштап дұға жасалды. Жиналған жамағат елдің амандығы, жұрттың тыныштығы мен берекесі үшін ақ тілектерін білдірді.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы