Итфтитах (намазға бастау) тәкбірі және Қиям
Намазда тік тұру (қиям) – парыз. Алла тағала Құран кәрімде:
«Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар»
[1], – деген. Ықылас білдіріп, ниет еткеннен кейін тік тұрып, «Аллаһу әкбәр», деп, тәкбір алады. Бұны «Ифтитах тәкбірі» дейміз.
- Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу деген мағынаға саяды. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір, яғни, ниет ете салысымен тік тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағуды білдіреді. Әрі бұны «Тахрима тәкбірі», деп те атайды[2]. Тахрима тәкбірі – харам етуші, тыйым салушы тәкбір дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз – «Аллаһу әкбар» деп намазды басағаннан кейін, одан бұрыңғы уақыттағы рұқсат етілген іс-әрекеттерімізге тыйым салынады дегенді білдіреді. Намазды осылай бастау – парыз[3], онсыз намаз оқылмайды[4].
Хазірет Әлидің риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.):
"مِفْتَاحُ الصَّلاةِ الطُّهُورُ ، وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ ، وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ " رواه ابو داود
«Намаздың кілті – дәрет; Тахримі (намаз кезінде одан тыс әрекеттерден тыйылу) – «Аллаһу әкбар» деумен басталады; Намаз (екі жаққа) сәлем берумен бітеді, – деген[5]. (Сахих)
- Ифтитах тәкбірін айтарда ер кісілер басбармақ-тары құлағының сырғалығына дейін келетін етіп қолдарын көтереді, бұл – сүннет[6]. Бұны орындаудың ең жақсы жолы – бармақты құлақ сырғалығына тигізу[7]. Бұған мына төмендегі хадистер дәлел:
«Сахих Муслим» атты хадистер жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Мәлік ибн әл-Хуәйрис былай дейді:
عن مالك بن الحويرث" أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، كَانَ إِذَا كَبَّرَ ، رَفَعَ يَدَيْهِ ، حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ..." . رواه مسلم
«Алланың Елшісі (с.а.у)(намазда) тәкбір айтқанда екі қолын құлағының тұсына дейін көтеретін....»[8].
Аталмыш хадис кітабында келтірідген тағы бір деректе сахаба Қатада Пайғамбарымыздың қалай тәкбір келтіргенін көріп, былай деді:
عَنْ قَتَادَةَ ، بِهَذَا الإِسْنَادِ ، أَنَّهُ رَأَى نَبِيَّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، وَقَالَ : حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا فُرُوعَ أُذُنَيْهِ. رواه مسلم
«Ол қолын құлағының жоғарғы тұсына жететіндей етіп көтерді»[9].
Әйгілі хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің «Шарху Мағанил-әсәр» атты хадис еңбегінде сахаба Уәил ибн Хужрдың мына «сахих хадисін» риуаят етеді:
عن وائل بن حجر، قال: "رأيتُ رسولَ الله (صلى الله عليه وسلم) حِينَ يُكبّر لِلصّلاةِ يَرفَعُ يَدَيهِ حِيَالَ أُذُنَيهِ". رواه الطحاوي (طريقه صحيح)
«Мен Пайғамбарымыздың намазға тәкбір айтқанда екі қолын құлақ тұсына көтергенін көрдім»[10].
Нәсәийде Абдужаббар ибн Уәил (р.а) әкесінен мына хадисті риуаят еткен:
عَن عَبدِ الجَبَّارِ بنِ وَائل عن ابيه اَنَّهُ رَأَى النَّبِيّ صَلَّى اللهُ عَلَيهِ و سلَّم إِذَا افْتَتَحَ الصَّلَاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى تَكَادَ إِبْهَامَاهُ تُحَاذِي شَحْمَةَ أُذُنَيْهِ. رواه النسائي (الحديث في نفسه صحيح)
«Әкесі Алла елшісінің (ифтитах) тәкбір келтірген кезде екі қолын басбармақтары құлақ сырғалығының тұсына келетіндей етіп көтергенін көрген»[11].
Бұл хадиске Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнүл-күбра» атты еңбегінде «Сахих», яғни, «сенімді» деп баға берген.
Сонымен қатар, Имам Бұхаридің «Қурратуль ай-найн» атты хадис кітапшасында сахаба Барра (р.а.) былай дейді:
عن البَرَّاء رضى الله تعالى عنه قال:"كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ يَرفَعُ يَدَيهِ إذَا كَبَّرَ حَذْوَ أُذُنَيهِ"
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқанда қолын құлақ тұсына дейін көтеретін»[12].
Тағы бір деректе әл-Хаким ән-Нисабури өзінің «әл-Мүстәдрак» атты кітабында риуаят еткен хадисте сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді:
عن أنس قال: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَبَّرَ ، فَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ...". رواه الحاكم. (إسناده صحيح، و لا أعرف له علة)
«Мен Пайғамбарымыздың тәкбір келтіргенін көрдім: Ол (с.а.у) (қолын көтергенде) екі басбармағын құлақ тұсына келтірді...»[13].
Бұл хадис жайында жоғарыда аты аталған ғұлама былай дейді: «Бұл айтылғандар Бұхари мен Мүслімнің хадис іріктеудегі талаптарына сай «сахих» жолмен келген. Аталмыш хадистен күмән тудыратындай нәрсені байқамадым».
Осы тақырыпқа қатысты басқа да риуаяттарды хадис кітаптарынан кездестіруге болады[14]. Ендеше, бұл айтылғандар ифтитах тәкбірінде қолды құлақ тұсына дейін көтерудің Алла Елшісінің сүннетінен алынғандығына дәлел бола алады.
Ал, тәкбір алғанда қолды көкірекке немесе иыққа дейін көтеру жайына келер болсақ, бұл қимыл Пайғамбарымыздың кезінде әрдайым емес, кей жағдайда ғана жасалғанын айта кету керек. Бұған Ханафи ғалымдары сахаба Уаил ибн Хужрдың мына сөзін дәлел ретінде келтіреді. Әбу Дәуідте риуаят етілген сахих хадисте Уаил ибн Хужр былай дейді:
عن وائل بن حجر قال: " رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ افْتَتَحَ الصَّلاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حِيَالَ أُذُنَيْهِ ، قَالَ : ثُمَّ أَتَيْتُهُمْ فَرَأَيْتُهُمْ يَرْفَعُونَ أَيْدِيَهُمْ إِلَى صُدُورِهِمْ وَعَلَيْهِمْ بَرَانِسُ وَأَكْسِيَةٌ ". رواه أبو داود. (صحيح)
«Мен Пайғамбарымызды ифтитах тәкбірінде екі қолын құлақ тұсына көтергенін көргенмін. Кейін сахабаларға келгенімде намазға бастарда (алғашқы тәкбірде) қолдарын көкірек тұсына көтеріп жатты. Олардың үстерінде (суықта киетін) күләпаралы жамылғылары (капюшонды плащ) және қалың киімдері бар еді»[15].
Уәил ибн Хужрдың сөзіне қарағанда, сахабалар күн суық кезде киім ішінен қолдарын құлаққа дейін көтеру қолайсыздық тудыратындықтан көкірек тұсына дейін ғана көтерумен шектелген. Ал, күн жылы кезде құлақ тұсына дейін көтеретін. Демек, ең дұрысы – қолды құлақ тұсына көтеру.
Сондай-ақ, қолды иық деңгейіне дейін көтеруге байланысты хадисті былай түсінуге де болады. Қолдарын иық тұсына дейін көтерген кісінің саусақ ұшы құлағының сырғалық тұсына дөп келеді. Яғни, алақанын иық тұсына көтерген кісінің саусақтары да құлақ тұсына дейін көтеріледі. Бұған дәлел ретінде Әбу Дәуіт пен Байхақидің хадис жинағындағы мына риуаятты келтіруге болады:
عن عبد الجبار بن وائل عن أبيه أَنَّهُ أَبْصَرَ النَّبِيَّ صلى الله عليه وسلم حِينَ قَامَ إِلَى الصَّلاَةِ رَفَعَ يَدَيْهِ, حَتَّى كَانَتَا بِحِيَالِ مَنْكِبَيْهِ, وَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ ثُمَّ كَبَّرَ ". رواه البيهقي و أبو داود
«Әбдіжаппар ибн Уәйл әкесінің мына сөзін былайша жеткізді. Әкесі былай дейді: «Пайғамбарымыз намазға тұрғанда қолын иық тұсына, ал басбармағын құлақ тұсына дейін көтерді де «Аллаһу әкбәр» деді»[16].
- Ер кісі тәкбір алғанда саусақтарын бүкпей, алақандарын құбылаға қаратып, ашып ұстайды[17]. Тирмизидің риуаят етуі бойынша сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:
عن أبي هريرة كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم إِذَا كَبَّرَ نَشَرَ أَصَابِعِهُ " رواه الترمذي (حسن)
«Пайғамбарымыз (намазда) тәкбір алғанда саусақтарын бүкпейтін»[18] (Хасан хадис).
- Қиямда сәжде жасайтын жерден көз айырмау – мұстахаб[19].
عن عائشة قالت:لما دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْكَعْبَةَ مَا خَلَفَ بَصَرُهُ مَوْضِعَ سُجُودِهِ حَتَّى خَرَجَ مِنْهَا
Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Қағбаға кіргенде намаз оқыды. Намазында сәжде жасайтын жерінен жанарын айырмаған еді», – дейді[20].
- Көзді жұмып, намаз оқу – жеңіл мәкрүһ.
عن ابن عباس، قال: قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): "إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ فِي الصَّلاةِ فَلا يُغْمِضْ عَيْنَيْهِ". رواه الطبراني
Абдулла ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.): «Кім де кім намаз оқыса, көзін жұмбасын», –деген хадисін риуаят еткен[21].
Намазда қолды тек ифтитах тәкбірінде көтеру мәселесі
Ханафи және Мәліки мәзһабтарында намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. Рукуғқа барғанда және тіктелгенде қолды қайта көтерудің қажеті жоқ. Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді:
«Намазда әр тәкбір айтқанда қолды көтеру дегенді білмеймін. Сәжде де болсын, рукуғ та болсын. Қол тек намаз басталғаннда ғана аздап көтеріледі»
[22].
Имам Бұхаридың (р.а.) «Қурратуль айнайн» атты шағын еңбегінде Бара ибн Әзіп (р.а.) есімді сахабадан риуаят етілген мына бір хадис келтірілген:
عَنِ البَرَّاء رَضِىَ اللهُ تَعَالَى عَنهُ قال: " رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَرْفَعُ يَدَيْهِ إِذَا كَبَّرَ ثُمَّ لَمْ يَرْفَعْ "رواه البخاري "
«Пайғамбарымыз намазда алғашқы тәкбір айтқанда ғана қол көтеретін. Одан өзге уақытта қолын әлгіндей көтергенін көрмедім»[23].
Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Мәсғуд жеткізген тағы бір хадисте:
قال عَبدُ اللهِ بنُ مسعود: أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ؟ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا فِي أَوَّلِ مَرَّةٍ
«Абдуллаһ ибн Масғұд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқитынын көрсетейін бе? – деп, намаз оқыды. Намазда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді» [24]. (Сахих)
Имам әт-Тахауи өзінің «Мағанил Әсәр» атты хадис жинағында Алқамадан сахаба Абдулланың мына риуаятын келтіреді:
حدثنا ابن أبي داود، قال: ثنا نعيم بن حماد، قال: ثنا وكيع، عن سفيان، عن عاصم بن كليب، عن عبد الرحمن بن الأسود، عن علقنة، عن عبد الله، عنْ النَّبِيِّ صلى الله عليه و سلم : "أَنَّهُ كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ , ثُمَّ لاَ يَعُودُ".
«Пайғамбарымыз (с.а.у) намазда тек әуелгі тәкбірде қолын көтеретін де бұл қимылын қайталамайтын».[25].
Имам әт-Тахауиде келтірілген тағы бір риуаятта:
عاصِمُ بْنُ كُلَيْبٍ , عَنْ أَبِيهِ أَنَّ عَلِيًّا رضي الله عنه كَانَ يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ مِنْ الصَّلاَةِ , ثُمَّ لاَ يَرْفَعُ بَعْدُ
«Әзірет Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», – делінген.[26]
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ең жақын сахабаларының бірі Әзірет Омар да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Оған Әсуәдтің мына сөзі дәлел:
عَنْ الأَسْوَدِ , قَالَ : رَأَيْت عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رضي الله عنه يَرْفَعُ يَدَيْهِ فِي أَوَّلِ تَكْبِيرَةٍ , ثُمَّ لاَ يَعُودُ , قَالَ : وَرَأَيْت إبْرَاهِيمَ , وَالشَّعْبِيَّ يَفْعَلاَنِ ذَلِكَ
«Мен Омар ибн Хаттабты намазда қолын тек әуелгі тәкбірде көтергенін көрдім. Ибрахим де, Шағби де сөйтетін»[27]
Сахаба Абдулла ибн Омардың намазға тұрғанда қолын алғашқы тәкбірде ғана бір-ақ мәрте көтеретіндігін Мүжәһид былайша жеткізеді:
ثنا أبو بكر بن عياش، عن حصين، عن مجاهد قال: " صَلَّيْت خَلْفَ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنهما فَلَمْ يَكُنْ يَرْفَعُ يَدَيْهِ إلَّا فِي التَّكْبِيرَةِ الآُولَى مِنْ الصلاة.
«Мен Ибн Омардың артында намаз оқыдым. Ол намаздың тек әуелгі тәкбірінде ғана екі қолын көтерген еді», – дейді ол[28].
Имам Әт-Тахауи: «Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында Әл-Хасан ибн Айяш деген кісі сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі», – дейді.
Тағы бір хадисте:
علقمة بن وائل عن ابيه: اَنَّهُ رَأَى رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَرفَعُ يَدَيهِ حِينَ يَفتَتِحُ، وَإذا ركَعَ، وَ إذا سَجَدَ. فقال إبراهيم: ما أرَى أَبَاكَ رَأَى رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَليهِ وَسلم إلَّا ذَلِكَ اليَومَ الوَاحِدِ. فَحَفِظَ ذَلِكَ، وَ عَبدُ اللهِ لَم يَحفَظ ذَلِكَ مِنهُ؟! ثُمَّ قَالَ إبراهيمُ: إنَّمَا رَفـعُ اليَدَينِ عِندَ افتِتاَحِ الصَّلاةِ". رواه دارقطني (و هو في "مسند" أحمد و ابن حبان و هو حديث صحيح)
Бірде Алқама ибн Уаил әкесінің Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алғашқы ифтитах тәкбірінде және рукуғқа, сәждеге барғанда қол көтергенін көргендігін риуаят етті. Сол жерде мұны естіген Ибраһим (р.а.) былай деді: «Сенің әкең Пайғамбарымызды тек сол күні ғана көріп, соны ойында сақтап қалған тәрізді. (Өйткені, үнемі пайғамбарымызбен бірге болған ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұд Алла елшісінің намазда қолын бір-ақ рет көтеретіндігін сахих жолмен риуаят еткен. Ендеше, пайғамбарымызбен аз ғана уақыт бірге болған Уайл пайғамбардың қалай намаз оқитынын есінде сақтап, Абдулла ибн Масғұд ұмытып кетті, деп, ойлайсың ба?![29]). Шындығында, қол намаздың басында ғана көтеріледі», – деді»[30] (сахих). Бұл хадис Имам әт-Тахауиде де келтірілген.
Сахих Мүслімнен жеткен хадисте де сахаба Жәбир ибн Сәмура былай дейді:
عن جابر بن سمرة قال: " خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، فَقَالَ : مَالِي أَرَاكُمْ رَافِعِي أَيْدِيكُمْ كَأَنَّهَا أَذْنَابُ خَيْلٍ شُمْسٍ ؟ اسْكُنُوا فِي الصَّلَاةِ ". رواه مسلم
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деді[31].
Сондай-ақ, Әбу Дәуіт өз еңбегінің «рукуғта қолды көтермеу» бөлімінде Әбу һұрайрадан (р.а.) мына сахих хадисті риуаят етеді:
عن ابي هريرة قال: " كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَخَلَ فِي الصَّلَاةِ رَفَعَ يَدَيْهِ مَدًّا ". رواه أبو داود (صحيح)
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді»[32]
Сонымен, аталмыш хадистер қолды тек алғашқы тәкбірде ғана көтерудің дұрыстығын дәлелдейді.
Қиямда қолды кіндіктен төмен байлау
Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет. Ал, қолды кіндіктен төмен ұстаған абзал. Тақуалыққа ең жақыны – осы. Қол байланғанда оң қолдың басбармағы мен кішкентай саусағы арқылы сол қолдың білезігінен қапсыра ұсталады
[33].
Бұл жайында Имам Ахмедтің хадис жинағында жеткен риуаяттың бірінде Әзірет Әли (р.а.):
عن أبي جُحيفة أن عليا رضي الله عنه قال: " السُّنَّة وَضعُ الْكَفِّ على الْكَفِّ في الصَّلَاةِ تَحْتَ السُّرَّةِ ". رواه إمام أحمد، وأبو داود، وابن أبي شيبة
«Оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен байлау – сүннет»[34], – деген.
Сондай-ақ, тағы бір риуаятта сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:
"أخذ الأكُفّ على الأكُفِّ في الصلاة تحتَ السُرَّةِ" رواه الدارقطني،
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір қолын екінші колына қойып, кіндіктен төмен ұстап, қол байлады»[35].
Осы хадистерге сүйенген имам Ахметтің көзқарасы бойынша да қолды кіндіктен төмен байлау – сүннет»[36].
Қолды кіндіктен төмен байлау жайында Уаил ибн Хужр мынадай хадис риуаят етеді:
عن علقمة بن وَائِل بنُ حُجْرِ عن ابيه قال: رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَضَعَ يَمِينَهُ عَلَى شِمَالِهِ فِي الصَّلاَةِ تَحْتَ السُّرَّةِ". قال الشيخ أبو الطيب المدني في شرح الترمزي: هذا حديث قوي من حيث السند
«Мен Пайғамбарымыздың намазда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлағанын көрдім».
Әбу Тайып ибн Әбдіқадыр әл-Мәдәни «Тирмизидің Сүнәнына» жазған түсіндірмесінде: «Бұл хадис сенімді жолмен жеткен» [37], – дейді.
Ибн Әби Шәйбәның «Мусаннафф» атты еңбегінде Айша анамыздың көзін көрген табиғин, өз заманының ғұламасы Ибрахим ән-Нәхағи былай дейді:
عَنْ إبْرَاهِيمَ قَالَ : يَضَعُ يَمِينَهُ عَلَى شِمَالِهِ فِي الصَّلَاةِ تَحْتَ السُّرَّةِ
«(Намаз оқитын кісі) Қиямда тұрғанда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлайды»[38]
Сондай-ақ, Басра қаласының ғұламасы, сахабалар-дың көзін көрген табиғин және көптеген хадисші ғалымдар тарапынан «Сенімді (Сиқа)» деген атаққа ие Лахиқ ибн Хамид Әбу Мижләз бұл мәселе жайында:
حَجَّاجُ بْنُ حَسَّانَ ، قَالَ : سَمِعْت أَبَا مِجْلَزٍ قَالَ : يَضَعُ بَاطِنَ كَفِّ يَمِينِهِ عَلَى ظَاهِرِ كَفِّ شِمَالِهِ وَيَجْعَلُهَا أَسْفَلَ مِنْ السُّرَّةِ
«(Намаз оқитын кісі) оң алақанын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астыңғы жағына байлайды», – деген.[39]
Қол байлау, яғни, оң қолдың басбармағымен және шынашағымен сол қолдың білезігін қапсыра ұстаудың дәлеліне келсек, Имам Бұхари «ат-Тарихүл-Кәбир» атты еңбегінде Әзірет Әлидің шәкірттерінің бірі – Ұқба ибн Зәбиянның мына сөзін риуаят етеді:
عَنْ عقبة من أصحاب عَلِيّ ، عَنْ عَلِيّ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُ ، وضعها على الكرسوع
«Әли (намазда қолын) білезігіне қойды»[40].
Ибн Әби Шәйбәнің риуаят етуі бойынша:
كَانَ عَلِيٌّ إذَا قَامَ فِي الصَّلاَةِ وَضَعَ يَمِينَهُ عَلَى رُسْغِ يَسَارِهِ
«Әзіреті Әли намазға тұрғанда оң қолын сол қолының білезігіне қоятын»[41]
Жалпы, ешбір мәзһабта қол көкіректің дәл үстіне қойылады деген пәтуа да, нақты дәйек те жоқ. Қолды көкіректің үстіне қоюға байланысты келтірілген мына бір хадис оған дәлел бола алмайды.
عن وائل بن حجر قال : « صليت مع رسول الله صلى الله عليه وسلم ، ووضع يده اليمنى على يده اليسرى على صدره »
Муаууал ибн Исмағил Суфияннан, ал ол Асым ибн Кулаибтан, ал ол әкесінен, ал ол Уайл ибн Хужрдан риуаят етті. Ол былай деді: "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына, оны көкірегінің үстіне қойды".[42]
Бұл хадис Хузайманың сахихында келген. Хадисті риуаят етушілердің бірі Муаууал ибн Исмағил жайлы Ибн Хажар өзінің «әт-Таһзиб» атты кітабында имам әл-Бұхаридың «Мұнкарул-хадис», яғни, хадисі қабылданбайды дегенін келтірген. Ал, хадистің майталман шебері имам әз-Заһаби: «Ол сүннетке берік, аса шыншыл. Алайда, (хадис риуаят еткен кезде) көп қателеседі» десе, Ибн Сағд: «Ол сенімді (өтірік айтпайды). Бірақ, көп қателеседі»,–деп, оның осы кемшілігін айтып кеткен. Ал, хадис ғалымы әд-Даруқутни болса: «Сенімді. Бірақ, жаттау қабілеті нашар» – деген. Сондай-ақ, Ибн әт-Түркмени, Әбу Хатым, Әбу Зәрға секілді хадис білгірлері де Муаууал ибн Исмағилдің көп қателесетіндігін айтқан.
Байқағанымыздай, "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолының үстіне, содан соң қолын көкірегінің үстіне қойды", – деген хадис сахих емес. Өйткені, хадисті бізге жеткізген Муаууал ибн Исмағил көп қателесетін әрі жады нашар болғандықтан, ондай адамның айтқаны есепке алынбай-ды.
Муәууал ибн Исмағилдің риуаятының негізгі мәтіні, мазмұны Мұслимнің сахихында, Насаийдің сұнанында, Ахметтің мүснәдында, Тирмизиде, Ибн Мәәжада, әд-Даруқутнида және әл-Байһақида да бар. Бірақ, олардың ешқайсысында "қолын көкірегінің үстіне қойды", деп, айтылмаған. Тек оң қолын сол қолының үстіне қойды" деумен шектелген. Бұл жайлы Хафиз ибн Хажар әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидаяда: «...Алла елшісі-мен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына әкеліп, көкірегінің үстіне қойды" деген хадис Ибн Хузаймада келтірілген. Бірақ, Мүслімде бұл хадистің «көкірегінің үстіне қойды» деген жері жоқ»,- деген.[43]
Ендеше, Муәууал ибн Исмағилдің риуаятындағы "қолын көкірегінің үстіне қойды" деген жері "зияда", яғни, "артық". Жоғарыда хадис білгірлері Муәууал ибн Исмағилдің жадының нашар болуына байланысты көп қателесетіндігін айтып кеткен еді. Олай болса, бұл жерде Муәууал ибн Исмағил "қолын көкірегіне қойды" деген сөзді негізгі хадис мәтініне шатасып қосып отыр деуге әбден негіз бар. Хадис ілімінде белгілі бір риуаят өзінен де жоғары дәрежедегі риуаяттарға қайшы келсе, ондай хадис "шәәзз", деп, аталады. Ал хадистің сахих болуы үшін "шәәзз" болмауы шарт.[44]
[1]. «Бақара» сүресі, 238-аят.
[2]. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, 139-бет.
[3]. Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә – 1/302-бет.
[4]. әл-Мәйдани, Лүбаб – 1/65-бет.
[5]. Әбу Дәуіт, Салә, №618 хадис; Тирмизи өзінің сүнәнінде бұл хадисты Әбу Сағидтан келген хадистен әлдеқайда дұрысырақ (асаһ) деген: Бабу: Сыффатус-салә, №238 хадис.
[6]. Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә, 1/307-бет;
[7]. Мәйдани, Лиубаб, 1/67-бет.
[8]. Сахих Мүслім, Китабус Сала – (391) – 25-хадис.
[9]. Сахих Мүслім, Китабус Сала –(391) – 26-хадис. 183-бет.
"فرع الأذن": أعلاها
[10]. Имам Тахауи, Шарху Мағанил-Әсәр, 3/512-бет. әл-Айни шархы.
[11]. Нәсәи, Ифтитах, Тақырыбы:– 365-баб/958-хадис; Әбу Дәуіт, №724 хадис. Хасан.
[12]. Имам Бұхари, Қурратул айнайн, №34 хадис.
[13]. әл-Хаким, Мүстадрак – 1/349-бет, (149) №822 хадис.
[14]. Табарани, «әл-Мұғжамул Кәбір»: 22/36 – №85; Даруқутни: 1/292 №14; Әбу Дәуіт: 1/315 – №957.
[15]. Әбу Дәуіт сүнәні – 728, 727-хадис. 2/49-бет.
[16]. Әл-Бахақи – 2/38-бет. №2306 хадис; Әбу Дәуіт - №724-хадис.
[17]. Айни, Биная шархул Хидая – 1/167-бет.
[18]. Тирмизи сүнәні –1/247-бет, 239-бабы.
[19]. Нурул Изах – 28-бет, Намаздың әдептері.
[20]. әл-Хаким, әл-Мүстадрак, Китабүл-Манасик, №1804 хадис.
[21]. Хайсами, Мәжмағуз-зәуәид – 2/192-бет, №2450 хадис.
[22]. Әбді Уәһһаб әл-Бағдади, Әт-Талқин фил фиқһи әл-Мәліки – 1/102-бет. У.Зухайли, Мәусуғатул фиқһил Исләми – 1/767-бет.
[23]. Имам Бұхари, Құрратул айнайн, №34 хадис.
[24]. Тирмизи сүнәні, «Пайғамбарымыз тек әуелгі тәкбірде қолын көтерді» деген... 191-баб – №257 хадис; Имам Ахмет мүснәді – №3551 хадис; Нәсәи – 332-бет/649-хадис. Әбу Дәуіт, Салә, 2/65 бет, 748-хадис. (Сахих делінген).
[25]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/164-бет.
[26]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/164-бет.әл-Айни, Нүхаб: Шарху Мағанил Әсәр – 4/178-бет
[27]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/190 бет. әл-Айни шархы . (قَالَ أبُو جَعْفَرٍ : فَهَذَا عُمَرُ رضي الله عنه لَمْ يَكُنْ يَرْفَعُ يَدَيْهِ أَيْضًا إلَّا فِي التَّكْبِيرَةِ الآُولَى فِي هَذَا الْحَدِيثِ , وَهُوَ حَدِيثٌ صَحِيحٌ)
[28]. Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр – 4/179-бет. әл-Айни шархы.
[29]. Зайлағи, Насбұр-Риуая, 1/397-бет.
[30].Дарақұтни, 2/45-бет, №1121 хадис. 2004 ж. Бейрут. Тағлиқ Шұғайып Арнаут.
[31]. Мүслім, 27-баб/430-хадис.
[32]. Әбу Дәуіт, Рукуғта қолды көтермеу бөлімі, №753 хадис. Сахих хадис; Нәсәи, әс-Сүнәнул-кубра – 366-баб/959-хадис.
[33]. Мабсұт – 1/24 бет; Бахрур Раиқ – 1/528 бет; Нұрул Изах – 26-бет.
[34]. Имам Ахмет, №877 хадис; Әбу Дәуіт, Сала 2/70-бет, №756 хадис; Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 13-хадис,
[35]. Дарақұтни сүнәні – 1098-хадис. 2/32-бет.
[36]. Ибн Құдама, әл-Мұғни, 1/514-бет.
[37].Тухуатул Ахуәзи би Шархи Тирмизи 252-хадис түсіндірмесі.
[38] Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 7-хадис,
[39].Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 10-хадис,
[40]. әт-Тарихул Кәбир лил-Бұхари: Бабуз Зо’, عقبة بْن ظبيان;
( الكُرْسُوع ): طرف الزَّند الذي يلي الخِنصر، وهو الناتئ عند الرُّسْغ (المعجم الوسيط)
анат. запястный конец локтевой кости. (Баранов Арбаско-Русский словарь)
[41]. Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 8-хадис,
[42]. Мұхаммед ибн Ысқақ ибн Хузайма, Сахиху ибн Хузайма 1-том, 243-бет. «әл-Мактабул-ислами» баспасы, Бәйрут, 1970 ж.
[43]. Ахмет ибн Әлі ибн Хажар Асқалани, Әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидая, 1-том, 128-бет. «Дарул-мағрифа» баспасы, Бәйрут.
[44] Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл – 2.
Дәлелдер Абдусамат ҚАСЫМНЫҢ «ДӘЛЕЛ-ДӘЙЕКТЕРІМЕН НАМАЗ ОҚУ ҮЛГІСІ (Ханафи мәзһабы бойынша)» атты кітабынан алынды