Тілдік нұсқа
Радио

Фото

Қарағандыда бірліктің бірегей белгісі болған мешіт ашылды
03 қазан, 2018 жыл 1836 Басып шығару нұсқасы

  30 қыркүйек күні Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үштөбе елді мекенінде еңселі мешіттің ашылу салтанаты өтті. Бұл мешіттің салыну тарихы ерекше. Ауыл тұрғындары бұрынғы үйдегі кіші мешітке жұма намазында, айт намаздарында сыймай жүргендіктен жергілікті әкімдіктен жаңа мешіт салуға жер телімін алған. Демеуші болмағандықтан қарап отырмай облыс имамын шақырып, өткен жылы рамазан айының бірінші күні алғашқы кірпішін қалап, құрылысқа кірісіп кеткен. Жергілікті азаматтардың бірі іргетасының орнын қазуға экскаватор жалдап, бірі тас әкеліп, енді біреулер цемент беріп құрылыс басталады. Әлеуметтік желіде жұмыс жүргізіп, ауылдан тысқары жамағаттарды да сауапты іске үлес қосуға шақырады. Мешіт қанша ғасыр тұрса, сол уақыт бойы сауап жазылып тұратынын ұғынған жұртшылық, қарапайым азаматтар мешіттің іргетасына қажетті бетон блоктарын өзара бөлісіп сатып алып берген. Қарқынды құрылыстан кәсіпкерлер де сырт қалмай, біреулері қабырғасын қалайтын кірпішін алып беріп, енді бірі төбесін жабатын плиталарға қаражат қосып, тағы біреулері терезелерін түгендепті. Осылайша өткен жылдың жаз айларында ақ мешіт бой көтеріп, күзге салым төбесі жабылып, есік-терезелері салынған. Мешітті жарық жүйесіне қосу біраз уақыт пен миллиондаған теңге қаражатты талап етіп тұрғанда «Қарағанды-Жарық» ЖШС Бас директоры Нұржан Ибрагимұлы Иманов мешітті жарық жүйесіне тегін қосып берген екен. Көктемге сала жұмыс жанданып, мешіттің күмбезі, мұнарасы, ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынып, рамазан айының қарсаңында төменгі қабаты аяқталған. Осылайша көп түкірсе көл боларын Үштөбе мешіті тағы бір дәлелдеді.

Айта кету керек, мешіт үш қабаттан тұрады: төменгі қабатында асхана, ерлер және әйелдерге арналған жеке-жеке дәретханалар жүйесі және мәйіт жуатын бөлме бар. Үстіңгі қабатында құран оқу бөлмесі, оқу сыныбымен қатар 300 адам намаз оқитын ерлер залы және имамның кабинеті орналасқан. Ал жоғарғы қабатында әйел адамдарға арналған оқу сыныбы және 80 адам намаз оқитын үлкен зал бар.

Мешіттің жеке жылу жүйесі мен өз су ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Алыстан аңғарылатын алтын жалатылған күмбезінің материалын Ресейден тапсырыспен сауап үміт еткен бір кәсіпкердің отбасысы алдырып беріпті.

Болашақта мешіт жанынан медресе құрылысын бастау ниеті бар екенін мешіт салған азаматтар көпшілікпен бөлісті.

Әлеуметтік желілер арқылы көпшілік құлағдар болған мешіт құрылысына Үштөбе орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары да үлес қосыпты. Ата-аналары мектепке барарда беретін азын-аулақ қаражатты жинап, өздері тамақ ішпесе де имандылық ордасының құрылысы тоқтамасын деген ниетпен мешітке берген екен. Қарттар үйінде жатқан кейуананың да қолында бар қаражатын мешітке бергенін естіген көпшілік бір толқыды.

Мешіттің ашылу салтанатында сөз алған облыс өкіл имамы Өмірзақ қажы: «Осындай еңбекпен салынған мешіт енді жамағатпен көркейсін. Бес уақыт намазда мешіттен табылыңыздар. Балаларыңызды мешітке имандылық сабақтарына әкеліңіздер. Мешіт сонысымен көрікті болмақ» - деп көпшілікке ой тастады. Сонымен қатар, өкіл имам  жаңадан салынған мешіттің құрылысын ұйымдастырып, игілігі мол іске ұйытқы бола білген "Үштөбе" мешітінің имамы Жандос Нығманға ерекше алғыс білдіріп, сыйлық табыстады.

Ашылу салтанатына Астанадан арнайы Алаштың ардақты ақыны Аманжол Әлтаев мешітке сыйлығын ала келіпті. Сондай-ақ, «Хабар» арнасының елге танымал журналисі Зейін Әліпбек те әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп жүрген осы мешітті көзімен көріп, жүрекжарды лебізін білдіруге арнайы келген екен.

Астана жанындағы Қосшы елді мекенінде орналасқан Республикалық қарилар орталығының директоры, елімізге танымал қари Сәдуақас қари Олжабайұлы да мешіт ашылу салтанатының құрметті қонағы болды.

Ашылу салтанатында сөз алған облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай: «Бұл мешіт ел бірлігі мен әлеуметтік желінің әлеуетін дәледеп берген мешіт болды» - деп құттықтау сөзін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Арман Шәлиұлы мен ауыл әкімі Елтай Жамантайұлы аудан басшылығының ыстық ықыласы жеткізіп, жамағатты қуанышпен құттықтады.

10 жасар жас қари Қасымның Құран оқуымен басталған салтанатты шара, ары қарай құттықтау сөздермен жалғасып, ақындар айтысына ұласты. Ақындар Айтбай Жұмағұлов пен Дидар Қамиев ел қуанышын жырмен еселеді.

Әжелер шашу шашып, Өмірзақ қажы Бекқожа мен Аманжол Әлтаев мешіт лентасын қиып көпшілік жаңа мешітке лық толды. Жамағат Сәдуақас қари оқыған Құран аяттарына ұйып, әуезді азаннан кейін бесін намазын оқыды.

Астана мен Алматы, Көкшетау қалаларынан келген қонақтар мен жергілікті жамағат мешіттің асханасына лық толып, арнайы берілген астың қонағы болды.

Мешті маңына ағаш отырғызған көпшілік, алдағы жылдары медресе ашылуына жиналайық деп тарқасты.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары