Қазіргі таңда қолда бар мүмкіндікті садақа ниетімен пайдалана отырып, сауап алуды ниет етіп, қоғамға пайдалы іс жасау мүмкінідігі мол. Асыл дініміздегі қағида бойынша садақа – қиямет күні әркім өз теріне малшынатын аптап ыстықта иесіне сая болады. Уқба ибн Амир былай дейді: Алла елшісі с.ғ.с «Қияметте бәрінің есебі біткенше әр адам өз садақасының көлеңкесінде тұрады» - деген. Алла тағала: «Игі жолда не сарп етсеңдер де, сауабы өздеріңе толық беріледі...» деген. (Бақара сүресі, 272 аят)
Осы орайда ҚМДБ-ның өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының қайырымдылыққа бағыттаған іс-шараларын дамыту мақсатында Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы үш бағытта қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Қайырымды іс-шара қыс мезгіліндегі ауа-райы температурасының күрт төмендеуіне байланысты үш түрлі бағытта атқарылды.
* «Жанұяға жылу сыйла» (әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына отын, көмір алып беру)
* «Тегін такси қызметі» (аялдамаларда тұрған жолаушыларды қажетті жеріне тегін жеткізу)
* «Тегін тағамнан дәм тат» (көше тазалаушылар мен құбыр жөндеушілерге жеңіл ыстық тағам ұсыну)
Осы игілікті шараға мешіт имамдары мен жамағаттары сауап ниетімен атсалысып, қажетті көмек көрсетілген қала тұрғындарының алғысына бөленді. Екі күнде тоғыз отбасына екі тоннадан барлығы жиырма тонна көмір түсірілді. Он бес автокөлік екі күн тегін такси қызметін атқарды. Нәтижесінде мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Көше тазалаушылар мен қол еңбегін жасап жүрген жұмысшыларға тағамдар ұсынылып, сауапты амал өз деңгейінде атқарылды. Аталмыш игі іс-шара апта соңына дейін жалғасады.
Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер