Қарағанды шаһарының тұтынушыларына адал ас ұсынып, халал стандартының талаптарына сай қызмет ететін тағы бір тамақтану орнымен толықты. Бұл жолы келген қонақтарына тағамның түр-түрін ұсынатын «Тау» тамақтану орны «Халал Даму» ЖШС –ның cертификатын иеленді.
Мекеменің қызмет барысын толық тексерістен өткізіп, мекеменің асханасына зертханалық жұмыс жасау мақсатында «Халал Даму» ЖШС –ның Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Амангелді Дәулеткелдіұлы арнайы бақылау жұмыстарын жүргізді. Тексеріс барысында өнімдердің құрамы, асхананың өндірістік жабдықтары, зертханасы, шикізат базасы мен ішкі тазалығын тексерді.
Сондай-ақ, қызметкерлердің жұмыс жасау барысы, санитарлық тазалық шарттарын сақтауы, шариғат талаптарына сай емес өнімдерді қолданбауы, мекемеге шикізат өнімдерін тасымалдаушы кәсіпорындардың құжаттары, техникалық құрал-жабдықтардың стандарт талаптарына сай жабдықталуы, қаптамалардың адам денсаулығына зиянды болмауы секілді өнім өндіруден бастап тасымалдап сатуға дейінгі барлық жұмыс процесі тексерілді.
Алдағы уақытта «Тау» тамақтану орнының асы адал, жұмыстары берекелі бола берсін демекпіз! Дәмхана Қарағанды қаласы, Степной көшесі, 4,8 мекен-жайында орналасқан.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер