ҚМДБ Қарағанды облысы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен облыстық «Әнет баба» мешітінде «Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі» тақырыбында өңірлік әйелдер форумы өтті.
Жиында аналарды ардақтау, отбасы құндылығын қастерлеу және дін мен дәстүр тақырыбындағы мәселелер тілге тиек етілді.
Форумның ашылуында алғы сөзін айтқан Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы ақ жаулықты аналар қауымына ізгі лебізін білдіріп, жүзеге асып отырған игі бастамалардың жалғасымды болуын тіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының Қарағанды облысы бойынша меңгерушісі Бақытгүл Айтқалиқызы қатысушыларға «Исламдағы әйелдің орны» тақырыбында уағыз айтып, көркем насихат жасады.
Сондай-ақ «Дәстүрге жол – қазақ аналары» ҚБ мүшесі, «Ісмер» клубының жетекшісі Перизат Қалиханқызы, «Bereket DN» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Ақтоты Әмзеқызы, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ Қарағанды облысы бойынша төрайымы Меруерт Аманбекқызы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Салтанат Смағұлтегі, «Логос Қарағанды мүгедектерді Оңалту Орталығы» ҚБ Төрайымы Алия Рахманқұлқызы сынды спикерлер кештің қадірлі қонағы болды.
Алқалы жиынға келген әйел жамағаты «Тәрбие – тал бесіктен», «Мейірімділік – асыл қасиет», «Табысты әйел – қоғам тірегі», «Ана мен бала арасындағы психологиялық қарым-қатынас», «Рухы мықты әйел» тақырыптарында құнды пікірлер мен керекті кеңестер алды.
Жиын соңында ұстаздар қауымы спикерлерге облыс бас имамының атынан алғыс хат табыстап, өз ризашылықтарын білдірді.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер