Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы Шет ауданына барған сапарында Шет агротехникалық колледжінің студенттерімен кездесті.
Сондай-ақ, білім жолында жүрген жергілікті жастармен еркін сұхбат түрінде өткен жүздесуге облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей мен аудан имамы Берік Алпысбайұлы және оқу орнының басшылығы мен ұстаздары қатысты.
Өскелең буын арасында жат ағымның алдын алу мақсатын көздеген отырыста облыс имамы дәстүрлі дініміздің негіздері туралы жан-жақты мәлімет беріп өтті. Жастарды білім алу арқылы өз кәсібінің шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды. Студенттер де өздерін қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алып, шариғат туралы ой өрістерін біршама кеңейтті.
Оқу орнының басшылығы арнайы атбасын бұрып, жастармен келелі кездесуге келген облыс имамына өз ризашылықтарын айтып, бұдан кейін де пайдалы жиындардың жалғасын табуына ниет білдірді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер