Қарағанды облысы имамдарының қатысуымен облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы төрағалығымен жиын өтіп, имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында қабылданған құжаттар кеңінен талқыланды.
Қарағанды аймағына қарасты дін қызметкерлерінің бір жылдық еңбегі бағаланған үлкен жиында облыс бас имамы, діни басқарма тарапынан қабылданған үш құжатқа да арнайы тоқталып өтті. «Өздеріңізге белгілі, имамдардың онлайн-форумында үлкен өзекті үш құжат қабылданған болатын. Соның бірі «Ас беру мәдениеті». Осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпірінде ас беру жоралғысы әртүрлі түрде, белгілі бір ұстанымсыз, қағидасыз жүзеге асып келді. Осы мәселені бір ізділікке түсіріп, арнайы тәртібі мен қағидаларын орнатып, ысырапшылдыққа жол берілмейтіндей арнайы ережелерге сүйенген құжат қабылданды. Форумда бекітілген кезекті құжаттың бірі «Зират және зиярат мәдениеті». Зиярат жасауды бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ мәдениетті қалыптастыру – аса маңызды істің бірі. Себебі бұл мәселе де қазір халық арасында бір-біріне ұқсамайтын түрлі бағытта жүзеге асып, жергілікті халықтың әдет-ғұрпына сіңсіп кеткен. Сондықтан, кезекті қабылданған бұл құжат осы мәселені тек бір бағытқа қоюға бағыталды. Ал, «Зияткер имам» тұжырымдамасы заман талабына сай зияткер имам деген мәртебеге лайықты дін қызметіндегі мамандарды іріктеу мен оларға мәртебе беруді көздейді. Алдағы уақытта, осы үш құжат бойынша діни басқарма тарапынан келген арнайы тапсырмаларға сүйене отыра көптеген оң нәтижелі іс атқарамыз деген ойдамын» деді өңірдің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы.
Сондай-ақ, жиында бас қосқан облысқа қарасты қала, аудан имамдарына осы үш құжат бойынша келер жылы атқарар қызметтеріне береке мен сәттілік тіледі.