«ҰЛЫЛАРДАН ҰЛАҒАТ»

«Рухани жаңғыру» аясында ұлы тұлғаларымызды халық жадында жаңғыртып, бабалар мұрасына шолу жасау, ел есінде сақталған бабаның өмір жолымен танысу өнегеліктің белгісі. Жергілікті халықтың қолдауымен 26 шілде 2017 жылы Қарағанды облыстық мешітіне "Әнет баба" есімі ресми түрде берілген болатын. Руханилық бабалар мұрасын жаңырту мақсатында бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы мешіт ұжымына Әнет бабаның өмір жолынан тарихи деректер келтіріп, халыққа сіңірген ерен еңбектері мен мол мұраларын таныстырды. Сонымен қатар, осы деректер мешітке келген халыққа бүктеме ретінде таратылуда.   

Әнет баба кім?

Әнет баба 1628 – 1723 жылдар арасында – "Жеті жарғыны" құрастыруға қатысқан атақты 7 бидің бірі. Ежелгі Шыңғыстау өңірінен шығып, қазақ мемлекетін құруға белсене қатысқан тұлғалардың бірегейі.

Білімді қайдан алған?

Жас кезінде Бұхар-шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге  медресе бітірген. Ислам  қағидаларына,  шариғат  ережелеріне жүйрік болған. Әділдігімен, діндарлығымен аты шыққан

Қандай билердің заманында өмір сүрген?

Тарихи деректерге сүйенсек, Әнет баба Әз Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, ханның кеңесшісі болған, «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Әнет баба тек Тобықтыға ғана емес, исі қазаққа қадірменді қарт баба, қазақтың әйгілі төбе билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, "көмекей әулие" атанған Бұқар жырауға батасын берген.

Әнет бабаның даналығы

         Ел аузындағы аңыз әңгімелердің бірінде былай дейді: «Төле бала бірде Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. – Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. – Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба: - Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала: - Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой. – Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, - депті».

 

 

 

Қайда жерленген?

 

Көкенай бастаған батырлар ұлы бидің сүйегін тауып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазарына жерлеген. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасында:

«Әнет бабаң - Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молда ғұламасы.

Орта жүзге үлгі айтқан ғаділ екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы», - деп суреттеледі


Қандай нақыл сөздер мен мұралар қалған?

Әнет бабадан тағы бірде Күлтөбеге жиналған ел: - Баба дүниеде не арсыз, не ғайып, не даусыз, не қадірсіз; не тәтті, не күшті, не жаман? - деп жеті сұрақ қойыпты. Сонда баба жеті сауалға үш-үштен жұптап былай деп жауап беріпті:


Үш арсыз бар. Олар мыналар: ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз.
Үш ғайып бар. Олар мыналар: ажал ғайып, конақ ғайып, несібе ғайып.
Үш даусыз бар. Олар мыналар: мінез даусыз, көрілік даусыз, ажал даусыз.
Үш қадірсіз бар. Олар мыналар: жігіттік қадірсіз, денсаулық қадірсіз, әйел қадірсіз. "Қадірсіз" дегенде, бұл жерде, Әнет баба, адам баласы жас уағында осы үш асыл нөрсенің қадірін білмейді, ес тоқтата келе өкінеді дегенді айтып отыр.
Үш тәтті бар. Олар мыналар: жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті.
Үш күшті бар. Олар мыналар: ақыл күшті, жүрек күшті, тіл күшті.
Үш жаман бар. Олар мыналар: нақақ қан төгу, кісі малын нақақ алу, ата-бабадан қалған ескі жұртты бұзу. Міне, бұдан сақ болыңдар, - депті.

 

         Жалпы "Жеті жарғымен" қатар, "жеті қазына", "жеті ата", "жеті жұрт", "жеті ғалым", "жеті хақ" деген секілді ұғымдардың көбі сол Әнет бабаның есімімен тығыз байланысты. "Дүниеде неше түрлі жетім бар?" деп сұрағанда Әнет баба айтыпты: Дүниеде жеті жетім бар. Олар мыналар:

Сөз жетім, ынтаменен тыңдалмаса,
Бөз жетім, киілместен тозған болса.
Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,
Ел жетім, жақсы басшы арман болса,
Көл жетім қаз қонбаса құстары ұшып,
Ер жетім жеке қалса тізе құшып,
Болмаса замандасың тойға барма,
Басына жалғыздықтың торы түсіп.

 

 

"Жеті қазынаға нелер жатады" деп сұрағанда:

Әйел,  ер жігіт,  ілім-білім,  жүйрік ат,  кыран бүркіт,  берен мылтық, алғыр ит деген. Соны айтқанда біреу тұрып "Баба, қазақта тағы бір мақал бар "Бала белде, қатын жолда" дейді. "Атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса кайтіп құтыласың". Соған қарағанда, әйелді "жеті қазынаның бірі" деу дұрыс бола қояр ма екен? Сонда Әнет баба: - Әйел жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі болуға тиіс.  Дүниедегі барлық тіршілік атаулының анасы - әйел. Сондықтан, оған тіл тигізуге де, қол тигізуге де болмайды. Пайғамбарымыздың өзі әйелдерді қатты құрмет тұтқан, депті. 

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін