Қарттарға құрмет көрсетілді
Халықаралық қарттар күні - бұл аталар мен апалардың, ата-аналардың, бір-бірінің қадірін білетін жақын адамдардың мерекесі. Бұл мереке - жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Үлкендерге құрмет көрсету қазақ халқының мәдениеттілігі мен тәрбиелігін сипаттайтын қасиет. Сондықтан халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз қалыптасқан. Осы мереке құрметіне Қарағанды облыстық мешіті мен «Зекет» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Қарттарым асыл қазынам» атты рухани кеш өтті. Рухани кешке қала мешіттерінің ақсақалдары мен диаспора өкілдері қатысты. Мешіт ақсақалдарымен рухани кеш басталмас бұрын, Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы жиын өткізіп, ҚМДБ-ның тарапынан жасалып жатқан игілікті істерден хабардар етті. Діни рәсімдердің заман талабына сай даярланған жаңа пәтуаларымен таныстырып, діни әдебиеттер таратты. Одан соң рухани кеш шымылдығын айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ашып, кеш қонақтарына арнау айтты. Жиналған қауымға өкіл имам құттықтау сөзін арнап: - «Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету, ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл кеңестеріңіз, тәлім тағылымдарыңыз біз үшін орны бөлек. Әрқайсысыңыздың еліміздің өсіп өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта Сіздер ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Мереке құтты болсын!» деді. Кеш барысында ақсақалдар қауымы жүрекжарды лебіздерін арнап, ел мен жерге берекет пен тыныштық тіледі. Арқа елінің ақындары мен әншілері қаряларға арнап жыр термелерін айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Зейнеткерлікке шықса да, мешіт қабырғасында діни білім алған қарттардың бірқатары дүниеден озған болатын. Кеш барысында бақилық болған қариялардың отбасында қалған жұбайлары мен балаларын арнайы шақырған бас имам марқұм болған қарттарымыздың атын атап дұға бағыштады. Қонақтарға қазақи салтпен сыйлық ретінде Бас мүфтидің «Тәпсір тұнығы» кітабы мен жайнамаз,тасбих таратылды. Қарттарын құрметтеген елдің қазынасы мол болып, алғыс арқалаған азаматтардың болашағы әрқашан бекем болмақ. Дария кеуде тау мүсін, қартымыз аман-сау жүрсін дейтін ұрпақ ұстанымы үзілмесін.
Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі