Облыс бас имамы Абай ауданының әкімімен жүздесті

  Абай ауданына ресми сапармен барған ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы аймақтың әкімі Оспанов Сәбит Темешұлымен жүздесті. 

Кездесуге «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей және Абай аудандық орталық мешітінің имамы Асхат Қанайұлы да қатысты.⠀

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізген облыс бас имамы ең алдымен жергілікті діни ахуалды басқосудың негізгі өзегі етті.⠀

Шаһар басшысы жергілікті аудан, ауыл имамдарына қолдау білдіруге әзір екенін жеткізе отырып, қаладағы жастардың имандылыққа бет бұруы мен аймақтың діни қал-ахуалы өзекті мәселелер қатарында екенін айтты. Сол себепті ортақ жобалар аясында бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.⠀

Кездесу соңында облыс бас имамы аудан әкіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен «Мүфтият» баспасынан жарыққа шыққан «Ихсан-рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.

Өз кезегінде аудан әкімі Сәбит Темешұлы облыс бас имамының алдағы атқарар қызметіне сәттілік тілеп, хакім Абай туралы жазылған кітапты тарту етті.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін