ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша бастау алған «Имани жаз» атты жазғы сауат ашу дәрісі Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен облыстық «Әнет баба» мешітінде өз жалғасын табуда.
Шараның алғашқы күні мешіт ұстаздары жас жеткіншектерге ілім алудың артықшылығы жайында тұщымды насихат айтты.
«Дініміздің ең басты қағидасы – ілім алу. Баршамызды ілімді болуға, сауатты болуға, көзіміздің ашық болуына шақырады. Сондықтан да, «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген ең алғаш түскен аяттың мән-мағынасы да осында жатыр. Жаздың аз уақытында ұл-қыздарыңызды діни сауат ашу курсына беріп жатқандарыңыздың мән-мағынасы зор. Біздің бұрынғы зиялыларымыз болсын, ақын-жырауларымыз болсын, кешегі Алаш қайраткерлері болсын, бәрі де алғашқы тәлім-тәрбиені мешіттен алған», - деді ұстаздар өз сөзінде.
Сауат ашу курсында балалар діни іліммен қатар қазақтың ұлттық ойындарынан бақ сынасуда. Сондай-ақ, оларға тәтті балмұздақтар үлестіріліп, мешіт ауласындағы қазақы киіз үйде дәм берілуде.
Айта кетейік, жазғы демалысқа шыққан оқушыларға арналған курс аясында балалар Құран әліппесі, Құран, Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірбаяны, әдеп, т.б. пәндер бойынша сабақ алатын болады.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі