«Қош келдің, Рамазан!»: әйелдер жамағаты бас қосты

   ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Әйел қыздар» секторының жетекшісі әрі "Әл Машани" мешітінің ұстазы  Бақытгүл Айтқалиқызының ұйымдастыруымен қаладағы «Думан» мейрамханасында «Қош келдің Рамазан» атты рухани ауызашар кеші өтіп, үш жүзге жуық әйелдер жамағатына дастархан жайылды.

Берекелі кеш  бүлдіршін қыздардың Құран оқымен басталды. 

Одан кейін, мешіт шәкірттері Пайғамбарымызға (с.а.с) арнау айтып, жамағатпен салауат жолдады.  

Ауызашар алдында Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Жадыра Асылтайқызы «Бала қажы» мешіті шәкірттерінің тәмамдаған Құран хатымының дұғасын жасады.   

Рухани кеште  «Әнет баба» мешітінің ұстазы Арай Серғалиқызы мен «Әл Машани» мешітінің ұстазы Гүлжазира Ақназарова «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы аясында насихат айтып, әйелдер жамағатына ата-дәстүр салтымыздың құндылықтарын дәріптеді.  Дәл осы тақырып аясында кеш қонақтары арасында  «Дәстүрім» атты сайыс ойнатылды.   

Ұлттық киімдерімізді қыз-келіншектер арасында насихаттау мақсатында рухани кешке қазақы киіммен келу талап етілген болатын. Осы орайда, ең үздік ұлттық киім иелеріне арнайы номинация беріліп, сыйлықтар табысталды. Шара барысында дәстүрлі ән мен күй шертіліп, "Қали Байжанов" атындағы филармонияның әншісі Гүлмира Тапай өнер көрсетті.

Берекелі кеш қайырымдылық шарасымен жалғасын тауып, баласы емге мұқтаж анаға  екі жүз мың теңге қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекке мұқтаж көп балалы, жалғыз басты аналарға да қолдау көрсетілді.   

Кеш соңында, осындай сауапты һәм берекелі кешті ұйымдастыруға мұрындық болып, демеушілік көмек көрсеткен жандарға Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұылының атынан және «Зекет және қайырымдылық» қорының атынан алғыс хат табысталып, сый-сияпат көрсетілді.  

Кешке жиналған әйелдер қауымы игі істің басы-қасында жүріп, рухани кешті ұйымдастырған ұстаздар қауымына шексіз ризашлықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Берекелі отырыс ақ жаулықты әжелердің ақ батасымен аяқталды.    

Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін