Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы бақылау-басқару қызметтік сапары бойынша Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіне барып, аймақтың діни ахуалынан хабар алып қайтты.
Жергілікті дін қызметкері Арман Нағашыбайұлы облыс имамына мешіттің тыныс-тіршілігінен хабар берді. Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Әсет Наурызбайұлы да өз қарамағындағы кенттің рухани жай-күйімен таныстырып, орын алып жатқан оң өзгерістерді тілге тиек етті.
Қызметтік сапар барысында облыс бас имамы мешітті толықтай аралап, ғимараттың ішкі және сыртқы тазалық жұмыстарына баға берді. Өкілдік тарапынан келген кіріс және шығыс құжаттары мен «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығын көз елегінен өткізді.
Одан соң облыс имамы Шахан кентінің әкімі Мұрат Асанұлымен жүздесіп, жергілікті діни мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, аймақ басшысына дінімізге көрсетіп отырған жанашырлығы үшін алғыс білдіріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі