«Ауызашар қоржыны» Жезқазған және Сатпаев қаласында жалғасты

Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» деген. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының Жезқазған, Сатпаев қалалары бойынша жауапты мамандарының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы жүзеге асты. Алдымен Жезқазған қалалық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінде көп балалы, жалғыз басты көмекке мұқтаж аналарға «Ауызашар қоржыны» үлестірілді. Шара барысында әйел-қыздар жамағаты мешіт асханасында ыстық ас дайындап, қоржын әзірледі. Арнайы ауызашарға арналып толтырылған дорба елу отбасына таратылды.  «Қайырымдылықта қайыр көп» деп аталған бұл шара, әрі қарай Сатпаев қалалық  «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешіті ұстаздарының, шәкірттері мен әйел-қыздар жамағатының бірігуімен қала көшелерінің бойында  «Ораза қоржынын» таратумен жалғасты.  Берекелі шараның мақсаты қолдауға зәру отбасыларға қол ұшын беріп, көңілдеріне қуаныш сыйлау. Рамазан айының алғашқы күнінен бастап жалғасып келе жатқан игі істер мұнымен тоқталмақ емес.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін