Қадірлі халайық, ардақты ағайын! Еліміз үшін маңызы зор, қадір-қасиеті мол Тәуелсіздік мерекесі де келіп жетті. Бұл күн – бабалар аңсап өткен, жолында жаны құрбан болған, ұлы күн. Әуелі Алла Тағаланың халқымызға шексіз мейірім-шапағатының арқасында Жаратқанның қалауымен бұл күн бізге бақ боп бұйырды. Әлбетте, бейбіт заман үшін жан пида ғұмыр кешкен құдайшыл халқымыздың шүкір-тәубесі де небір зұлмат нәубетті өткеріп, ұлы нығметке қол жеткізді.
Тегінде, бейбітшілік, мамыражай тіршілік задында адам баласының жан қалауы. Қай қоғам болмасын, адами игілікке, ізгілік пен құндылыққа негізделген өмірді мұрат тұтады. Ал барша жақсылықты, тыныштық пен татулықты қалаушы қауымның ішінде мұсылман халқының орны орасан зор. Себебі, Ислам осы мақсатта әз пайғамбар Мұхаммед арқылы барша адамзатқа бір игілік, сүйінші болып жіберілді.
«Құдайсыз қурай да сынбайды» деген кемел иманды ұстанған ұлтымыздың тарихта қиын-қыстау күн кешпеген, сүрінбеген, мұңаймаған сәті аз емес. Сұрапыл соғысты да, азапты ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де өткерді. Бірақ, тізесі бүгілсе де, еңсесі еңкеймей, жігерін жанып, рухын асқақ ұстады. Бабалар аңсаған күн бізге осындай өткелдермен жетті. 1991 жылдың желтоқсаны бостандықтың туын тіккен – Тәуелсіздік күні болып Отанымыздың тарихына осылайша ілінді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл күннің шын бағасын: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деп берді. Ендігі тілек – бақыттың бағасына жетіп, қалтқысыз адал қызмет қылу. Білім алу, еңбек ету, қоғамға пайдалы іс жасау. Ал осының барлығы бүліктен ада бірліктің, тыныштық пен татулықтың арқасында атқарылмақ. Осы ретте бізге төмендегі Құран аяты өмірлік сабақ болары сөзсіз.
وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ كفرت بنعمة الأمن ونعمة الرزق، كفرت بأنعم الله ، فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ
«Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал берді: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілдік пен рызық нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды[1]».
Аяттан ұғарымыз, бізге бұйырған осы ұлы нығмет – тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік ете білу. Бүгінде барша әлем куә, бірлігінен ажыраған, басшысына бағынбай, туған елінің тыныштығын бұзып, соғыстың сергелдеңіне түскен ел қаншама. Бұл елдердің тағдыры мұсылман халқы ретінде бізді де қатты қынжылтады.
Бейбітшілік нығметі, кез-келген елге беріле бермейтін ұлық нығмет болғандықтан, шариғат тұрғысынан біздің шүкір етуіміз уәжіп болып табылмақ. Енді, бейбітшілдігімізді ары қарай нығайтып, шүкіршілігімізді іс жүзінде көрсетуіміз үшін, имам Мүслим риуаят еткен пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына өсиетіне сай амал еткеніміз жөн.
إِنَّ اللَّه يَرْضَى لَكُمْ ثَلَاثًا وَيَسْخَط لَكُمْ ثَلَاثًا يَرْضَى لَكُمْ أَنْ تَعْبُدُوهُ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَأَنْ تَعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّه جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا وَأَنْ تَنَاصَحُوا مَنْ وَلَّاهُ اللَّهُ أَمْرَكُمْ
«Алла сіздердің мына үш амалдарыңыздан разы болады: Біріншісі: «Аллаға ғана құлшылық етіп, Оған еш нәрсені ортақ қоспау, (яғни, жалғыз Жаратушымызға ғана жалбарынып, имандылықты ту етуіміз). Екіншісі: Бүтіндей Алланың жібіне (яғни дініне)жармасу. Үшіншісі: Алла сіздердің істеріңізді басшылыққа алуды нәсіп еткен басшыларыңызға кеңес беріп (яғни, қажеттілік туындағанда), шынайлық таныту (яғни, басшыларымызға бағынуымыз қажет)».
Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда араларынан шыққан басшыларға бағынуды, оларға мойынсұнуды бұйырады. Алланың бұл әмірін Құранда былай деп баяндайды:
قال تعالى:)يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ ) وقال أبو هريرة " هُم الأُمَرَاءُ وَالْوُلَاةُ ". قال ابن كثير " وَالظَّاهِر وَاَللَّه أَعْلَم أَنَّهَا عَامَّة فِي كُلّ أُولِي الْأَمْر مِنْ الْأُمَرَاء وَالْعُلَمَاء "
«Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бой ұсыныңдар[2]». Аталған аят жайында Әбу Һурайра (р.ғ): «Бұлар – әмірлер мен басшылар», – десе, Ибн Кәсир: «Анығын Алла жақсы білуші, жоғарыдағы аят, күллі басшылар мен ғұламаларды қамтиды», – деп айтқан екен.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұдан өзге де көптеген хадистерінде басшыға бағынуды әмір етеді. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен келесі хадисте:
عَلَيْكَ السَّمْعُ وَالطَّاعَةُ فِي عُسْرِكَ وَيُسْرِكَ وَمَنْشَطِكَ وَمَكْرَهِكَ وَأَثَرَةٍ عَلَيْكَ
«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенің міндетің – жоқшылықта әрі молшылықта, қуанышты әрі көңілсіз болған шақтарыңда (яғни, нәпсің қаласа да, қаламаса да), сондай-ақ, биліктегілердің шешімімен басқаларға (дүние-мүлік, дәреже-мансап немесе атақ-даңқ) беріліп, сен құр қалған жағдайда да (басшыға) бойсұну» – деп айтты[3]», – деген.
Алла Ешісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хузайфата ибн әл-Яман деген сахабасына былай деп кеңес береді:
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хузайфата ибн әл-Яман деген сахабасына келешекте фитналар мен басшылыққа қарсы шығу бүліктері болатынын хабардар еткенде, Хузайфа:
فَمَا تَأْمُرُنِي إِنْ أَدْرَكَنِي ذَلِكَ
«Уа, Алла Елшісі! Сол заманға кезіксем, маған нені бұйыратын едіңіз?» – деп сұрады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَلْزَمُ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَإِمَامَهُمْ
«Мұсылман жамағатымен және олардың имамымен (басшылармен) бірге болуың керек», – деп кеңес берді.
Ислам дінінің ең басты ерекшелігі – қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:
مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ الله، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهَ، وَمَنْ يُطِعِ الْأَمِيرَ فَقَدْ أَطَاعَنِي، وَمَنْ يَعْصِ الْأَميرَ فَقَدْ عَصَانِي
«Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені[4]», – деп айтқан.
Бүгінде осы отырған барша жамағат, барша халық куә, елімізде қаншама мешіттер бой көтеріп келеді. Қай өңірге барсаңыз да зәулім-зәулім мешіттер көз тартып, менмұндалайды. Жұма күндері құбылаға бет бұрып, бір сапта жиылған жұрттың санында есеп жоқ. Мінекей, осы мешітте, намазда қалайша бір сапта бой түзеп, қатар тұрған болсақ, мына қоғамның тыныштығы мен бейбітшілігі, ауызбіршілігі мен ынтымағы үшін баршамыз тонның ішкі бауындай болуымыз керек-ақ.
Ел басына күн туып, жоңғармен арпалысып өткен батыр бабамыз Қаблиса жырау өзінің жырларында елді бірлік пен татулықты сақтауға, алауыздыққа жол бермеуге шақырған. Оның «Қызыр Ғалайһиссаламның бақытпен тілдесуі» деген сұхбат үлгісімен берілген жырында «кім Алланың дінін қалтқысыз ұстаса, береке мен ынтымақта болатындығын, бақыт соған барып тұрақтайтынын» насихаттайды. Қаблиса жырау осы талаптың барлығын берік ұстаған ел бақытты болатындығын былайша баяндайды:
– Бақыт қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын.
Мінекей, ардақты ағайын, тарихтан тіл қатқан тұлғадан қалған насихат бізге мазмұны терең мәтел болып жетті. Халқымыздың інжу маржан-даналығына үңілсек, қасиетті Құран бұйырған, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйар өнегелі ой өрнегі ұшан-теңіз. Соның бірінде «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» немесе «Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі» дейді дана халқымыз.
Бір намазда имамға қалайша ұйып, бағынған болсақ, осы бейбітшілік заманды, осындай мешіттерді көбейтіп, азанмен таңды атырып, құптанды жамағатпен бірге бітіруіңе, Құранды ашып оқуыңа, білім алуыңа, ата-анаңа, еліңе, жеріңе қызмет етуіңе қолдау білдіріп отырған елдің басшысына да бағыну – біздің міндетіміз болмақ. Өйткені, үрей мен қауіпке, қорқыныш пен қатерге бой алдырған қоғамның берекесі қашатынын біз жоғарыда атап өттік. Ондай бақытсыздықтан Алла бізді, елімізді сақтағай деп тілейміз. Бейбітшілік шын мәнінде Жаратушымыздың жаратқан пенделеріне берген ең ұлы нығметі болмақ. Бұл жайында Ислам ғұламалары былай деп баяндайды:
ولهذا لما دعا الخليل إبراهيم عليه السلام لأهل مكة قال : (رَبِّ اجْعَلْ هَذَا بَلَداً آمِناً وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنْ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ) ، فقدم طلب الأمن على طلب الرزق لأن الأمن ضرورة ولا يتلذذ الناس بالرزق مع وجود الخوف بل لا يحصل الرزق مع وجود الخوف وهذا ما يريده الأعداء الذين يحاولون زعزعة اجتماع المسلمين يريدون تفكيك تجمعات المسلمين على ولاة أمورهم يريدون هذا
«Алланың халилі Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Мекке тұрғындары үшін дұға еткен кезінде: «Раббым! Бұны бір тыныш ел ете гөр және оның тұрғындарынан кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, әр түрлі өнімдермен ризықтандыр![5]», – деп жалбарынған. Міне, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) осы дұғасында ризықтан бұрын, алдымен тыныш өмірді сұраған еді. Себебі, қауіп-қатер болған жерде, адамдар ризықтың ләззатын сезіне алмай қорқынышта күн кешеді. Бәлкім, қауіп-қатер болған жерде ризықтың да болуы екі талай. Мұсылмандардың ауыз біршілігіне нұқсан келтіріп, мұсылман жамағатын басшыларына қарама-қарсы қоюды көздеген дұшпандарымыз осы нәрсені көксейді».
Қазіргі таңда әрбір көкірегі ояу, көзі ашық саналы адам мұндай көрініске, өкінішке қарай, бірқатар мұсылман елдерінің ішкі ахуалынан көріп, куә болуда. Бірлік пен басшыға бағынуды ту ете алмағандықтан өздерінің қолдарымен өз елдерін тонап, қиратып, ойран етті. Мұның салдарынан сол мұсылман елдерінің әлеуметтік экономикалық ахуалы бірнеше жылға кері кетті. Мұндағы халық қауіп пен үрейдің, аштық пен қасыреттің кесірінен көршілес елдерді паналауға мүжбүр болып отыр.
Біле білсек, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистері ынтымақ пен бірлік және басшыға бағынуға шақырып, үй ішіне үй тігуден қайтарған. Бұл өмірдің сынақ екендігін ескерсек, кейбір қиыншылықтардың кездесуі заңдылық. Сол себепті де ілгергі ғұламалар:«Кейіннен өзің төзе алмайтын қиыншылыққа душар болмауың үшін, қазір төзе алатын, болмашы қиыншылыққа сабыр ет. Сонда, сабырлық бұдан да бетер қиыншылықтың бетін қайтарады», – деп өсиет еткен. Ғалымдарымыздың мұндай керемет кеңестеріне құлақ аспай жік-жікке бөлініп, басшыларына қарсы шыққан мұсылман елдерінің жағдайлары, бүгінде мәз емес екендігі белгілі.
Бейбіт елдің тынышын алып, мазасын қашыратын нәрсенің ең бастысы – бүлік. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құран бұл мәселе жайында былай дейді:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер[6]». Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – деп айтқан. Ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізді іштен айдап салуға тырысатын топтардан сақтанып, ондайларға көзсіз еріп кете беруге болмайды. Әрине, оның арты өкініш әкеледі. Мұны да Құран бізге анық баян етуде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ
«Әй, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер[7]».
Отанын шынайы сүйген адам бүлікке емес, әрдайым бірлікке қадам басады. Бірлікті қалаған адам «жихад» деп соңына жетелеген қазіргідей соқыр сенімдердің жалаң ұрандарынан сақ жүреді. Елін сүйген адам халқына қылтқысыз қызмет етуді өзіне қасиетті борыш санайды. Сөйтіп отанға деген сүйіспеншілігі артып, еңбек жасауға ден қояды. Сондай-ақ, ұрпақ тәрбиесіне жанашырлық танытып, имандылыққа, отансүйгіштікке, мейірімділікке, кешірімділікке баулиды. Осылайша өзі өсіп өнген Отанына материалдық әрі рухани жетістіктер әкеледі. Бұл жөнінде Құранда:
وَتَعَاوَنُواْ عَلَى الْبرِّ وَالتَّقْوَى وَلاَ تَعَاوَنُواْ عَلَى الإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа көмектеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты[8]».
Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Отанды сүю, елге деген сезім әуелі отбасынан басталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы – еліне, отағасы – отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», – деген.
Пайғамбарымыз дүниеге келген қаласы Меккеден жапа шегіп, Мәдинаға қоныс аударып бара жатып, бір тауға шығып артына қараса, Мекке толық көз алдына көрінеді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) теберініп былай дейді: «Ей, Ибраһим дұға еткен шаһар, жетпіс алты пайғамбар өткен шаһар, Құран аяттары түскен шаһар! Уа, Алланың үйі Қағба орналасқан шаһар! Менің кіндік қаным тамған шаһар! Сені тағы бір көруді Алла маған нәсіп етсін». Туған жердің топырағы тартып, отанның сондай ыстық болатындығын пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай білдірсе керек.
Иә, тәуелсіздігіміз дінімізге демеу, ұлтымызға қамқор болып, халықтар достығын сақтап келеді. Отанымыздың әрбір азаматы «Мемлекет маған не береді деп емес, керісінше, мен мемлекетке не беремін» деген ұлы мақсатты ұстанатын уақыт жетті. Кешегі арысы ғасыр қойнауында қалған талайғы шапқыншылық-жаугершілік заманда, берісі Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша ұлтарақтай жер үшін жанын пида етті. Бабалар бұл нығметті көрмеді, бірақ, ұрпағы – біздер, халық, болашақтың буыны көрсін деп күн кешті. Ал, қазіргі заманның «жиһады» – өркениет жолындағы, білім белесі мен ғылым ғасырының «жиһады» болуы тиіс. Бүгінгі ғылымның бар бастауын ілгергі мұсылман ғалымдары қалаған болса, болашақтағы білім тұтқасын да игі мұсылман ұстауы ләзім. Қарумен емес, қаламмен қаһарман болар кез келді.
Қадірлі отандастар, ардақты ағайын! Құдайға мың тәубе, біз – бақытты заманның куәгерлеріміз. Көгілдір аспанымызда көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шарықтап, дініміз бен ділімізге оралған елміз. Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршамызға аманат. Келер ұрпақ алдындағы ұлы міндет. Алла тағала әрбіріміздің жүрегімізге Отанға деген сүйіспеншілік сезімді, бауырластық пен имандылықты орнатқай. Тыныштығымызды тұрақты, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткей!
Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ-ның найб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің Бас имамы
Пікірлер