
«Нұр Астана» мешітінде «Имани жаз – 2019» жазғы сауат ашу курсы аясында жас жеткіншектер ұлттық құндылықтармен танысуда, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Жаз айларында барлық ата-ана балаларының демалысын тиімді өткізгісі келері ақиқат. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер жылда жергілікті жамағаттың бүлдіршіндеріне арналған діни сауат ашу курстарын тұрақты өткізуде. Бұл курстардың тиімділігі сонда, балалар тек діни сауат ашумен айналыспайды, сондай-ақ әдеп сабақтарын, салтымызға сіңген сүннеттер мен ғұрпымызға айналған дәстүрлерімізді бойына сіңіреді. Сонымен бірге мешіт ұстаздары жылдан жылға курстың мазмұнын тереңдету үшін еңбектенуде. Ал балалармен жұмыс істеуге медресе шәкірттері тартылуда. Бұл бір жағынан шәкірттер үшін ұстаздық жолында жинақтаған тәжірибе болса, екінші жағынан жас жеткіншектер үшін ұлттық дүниетанымымызбен астарласып кеткен діни негіздерімізді дұрыс, сенімді кісілерден үйрену мүмкіндігі.
«Нұр Астана» мешіті де жылда ұйымдастырылып жүрген «Имани жаз» сауат ашу курсына биыл ерекше дайындықпен кірісті. Жылдағы үрдіс бойынша өтетін «Дәстүрім – діңгегім» сабағында «ұлдың жолы – ұлы жол», «қыздың жолы – жіңішке» тақырыптарында қазақи дүниетанымыз бойынша ұл бала мен қыз балаға тән қасиеттер мен қоғамдағы рөлдері жайында мағлұматтар берілді. Сонымен бірге ұл балаларға «батырлар жыры», «ат әбзелдері», «жылу жинау», «шүлен тарату», «қазан шегелеу», «тоқым қағар», «ашайға мінгізу» сияқты тақырыптарда сабақтар жүргізілді. Ал қыз балаларға «аруларға арналған ұлттық бас киім үлгілері», «бүгінгі қыз – ертеңгі ана», «қыз өссе – елдің көркі», «қыз намысы – ел намысы» сияқты тақырыптарда дәрістер өтті.
Сондай-ақ «мақал-мәтелдер ғасырлар шежіресі», «адамгершілік – асыл қасиет», «базарлық, байғазы, бастаңғы дәстүрлері» сияқты ортақ тақырыптар да қамтылды.
Сонымен бірге курс аясында бүлдіршіндерге «Қазақ елі», «Толағай», «Қазақстан барысы» сияқты патриоттық анимациялық фильмдер көрсетілді.
Пікірлер