
Елордада «Ұлы дала» ІV гуманитарлық ғылымдар форумы басталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Шараға «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» тақырыбына арналып отыр. Форумда қазақстандық ғалымдармен бірге Еуропа, Азия мен Америка құрлығының 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысуда. Жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға құттықтау хатын оқып берді.
Форумға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Моңғолияның Тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы Президентінің көмекшісі Султан Раев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов қатысуда. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркі әлемінің генезисі, түркі өркениеті, Еуразия кеңістігіндегі ұлы даладағы түркі халықтарының адамзат өркениетіне қосқан үлесі, алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, темірді игергені жайлы жазылған болатын. Арнайы жиынды өткізу жөнінде тапсырма болған.
Сондықтан, біз биылғы форумды осы тақырыпты талқылауға арнап, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп атап отырмыз», – деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. Форум «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» атты 6 тақырыптық секцияға бөлінген.
Пікірлер