
Қызылорда қаласында орналасқан Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Шешендік өнер: сөйлеу мәдениеті мен технологиясы» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Шараға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Б.Абуов, қала мешіттерінің имамдары, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, «Ritorix» шеберлік өнер мектебінің негізін қалаушы Г.Битанова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті А.Айтбаева, Бизнес инкубатор орталығының басшысы Ж.Оразбақов және облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық түсіндірме тобының мүшелері, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, психологтар мен теологтар қатысты.
Тренингтің мақсаты – аймақтағы дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндірме топ мүшелерінің көпшілік алдында толғамды ой, түйінді пікірлермен жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттыру, шешендік өнерге және пікір еркіндігі мен ойын жүйелі жеткізуге баулу.
Семинар-тренингте спикерлер «Шешендік өнеріңді шыңда», «Шешендік өнер және сөйлеу мәдениеті», «Презентация жасаудың тиімді тәсілдері» тақырыптарында баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Тренинг соңы тәжірибелік әдіске ұласып, қонақтар мен қатысушалар шешендік өнердің теориялық және тәжірибелік әдіс-тәсілдерін кеңінен талқыға салды.
Шара соңында өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы атадан мұра болып қалған шешендік өнерді дамыту, ең әуелі дін саласында қызмет атқарушы мамандарға қажетті білім екенін және де діни тұрақтылықты сақтап, алауыздықтың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Пікірлер