
Студенттердің жан-жақтылығын арттыру мақсатында Нұр-Мүбарак университетінде «Smart Student» мегаойыны ұйымдастырылған болатын. Проректор, доцент Қайрат Құрманбаев : «Бұл қазіргі заманауи, нағыз интеллектуал, эмоциялық деңгейі дамыған, кез келген жағдайдан тез жол тауып кететін ұшқыр ойлы студенттер тобын саралауда маңызды» деп мегажобаның мақсатын қысқа түсіндірді. Сондықтан өзге студенттерге үлгі әрі жеңімпаздарға мотивация ретінде университет атынан ерекше есте қалатын саяхаттарға жолдама ұсынылды. Жүлделерге тігілген саяхаттар университет тарапынан, оған қосымша демеушілердің қолдауымен жүзеге асты.
Байқау барысында үшінші орын иеленген Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының арулардан құралған «Эрудит» тобына Түркістан сапары бұйырған болатын. Күллі түркі жұртының тәу ететін тарихи мекеніне айналған Түркістан облысынан, нақтырақ Шымкент қаласынан бастап, Арыстан баб кесенесі, Түркістан қаласындағы тарихи орындардан студент қыздардың көргені, көңілге түйгені көп болды.
«Кең байтақ елдіміздің әрбір тасы, әрбір жері тарихқа тұнып тұр ғой, соның ішінде Түркістан жерінің орны ерекше. Сондықтан бұл сапар біздің қыздарға жаңа әсер, тың ойлар сыйлады»,-деп куратор-эдвайзер, аға оқытушы Маржан Жолмағанбетова ханым ризашылығын жеткізді.
Ал саяхатшы студенттер: «Осындай ерекше сайыс ұйымдастырып жастардың дарынын шыңдап, жеңімпаздарды еліміздің тарихымен жақындата түсткен Нұр-Мүбарак университетінің басшылығына, проректор, доцент Қайрат Құрманбаев мырзаға алғысымыз ерекше. Мұндай игі шаралар болашақта да жиі ұйымдастырылса»,-деген қуаныштарымен бөлісті.
Пікірлер