
Рәміздер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің Жастар ісі бөлімі «Рәмізге құрмет - Отанға құрмет» атты айырықша шара ұйымдастырды. Мешіт жамағаты және «Шығыс Қазақстан Гуманитарлық колледжінің» «Исламтану» бөлімінің студенттері мен мешіт ұстаздары Өскемен қаласының іргесіндегі мемлекеттік рәміздер орналасқан «Қазақстан» атауы жазылған Аблакет тауына шықты.
Жастар тау басындағы еліміздің мемлекеттік нышандарына құрмет көрсетіп, көк байрақты желбіретіп, мемлекеттік әнұранды асқақтата шырқады. Рәміздер алаңында патриоттық жырлар оқыды.
Патриоттық іс-шара туралы: «Исламда Отанды сүю - иманнан деген тағылым сөз бар. Еліміздің рәміздеріне құрмет көрсету Отанды сүюдің басты шарты. Бұл шара жастардың жүрегіне отаншылдық рухты сіңіру мақсатында жасалып отыр»,- деді ұйымдастырушылар.
«Рәмізге құрмет - Отанға құрмет» акциясына қатысқан жастарға еліміздің туы таратылды.
Пікірлер