
Ақмола облысы, Науан xазірет мешітінде Қадір түні жиналған жамағаттың қарасы көп болғанынан мешіттің ауласында да құлшылықтарын жасап жатты. Әсіресе, жастар жағы көбірек Алланың үйіне тілек тілеп келгені қуантты. Осы қасиетті түнді мешітте өткізсем деп келген қадамдары сауаптан болсын деп дұға еттік.
Тарауық намазын Теміржан қари жүргізіп, Қадір түні Құранды толықтай хатым етті. Бірнеше жыл қатарынан қасиетті Құранның шуағына шомылдырып келе жатқан қари бауырымызға құрмет көрсетілді. Оған және отбасына шипажайға жолдама салтанатты жағдайда табыс етілді.
Тарауық намазы аяқталысымен Мүфтиятан келген өкіл, бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысxан уағыз айтып, Қадір түнінің тағылымын әңгіме арқауы етті. Облыс имамы Қуаныш Сәбит ораза айының қасиетті түні адамдарға ерекше ыждаxат сыйлап, қуанышты рәуіште өткенін тілге тиек етті.
Осы мешіт асxанасы мен аулаға тігілген кигіз үйлерде 300-ден аса адамға ауызашар және 4 мың жамағатқа сәресі асы берілді.
Пікірлер