Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қалалардың бас имамдарымен кездесті. Басқосуда дін саласы бойынша пікір алмасып, діни тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы дін қызметкерлеріне қоғамдағы тыныштықты сақтаудан бөлек, өңірдің руханиятын арттыруды да қолға алу керектігін айтты.
«Облысымызда насихат жұмыстары жүйелі түрде жүру қажет. Өңірдегі тұрақтылық басты назарда болуы тиіс. Жат ағымдармен күрес жұмыстары толастамау керек. Жалпы алғанда, Түркістан – ілімнің, діннің, тарихтың орталығына айнала бермек. Бұдан өзге, имамдар бабамыз Қ.А.Ясауи туралы білімдерін жетілдіріп, азаматтарға сол туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы абзал. Себебі, Ясауидың тарихын кесенеге келген зиярат етушілердің бірі білсе, бірі біле бермейді. Рухани азық алуда халық көбіне сіздерге жүгінеді», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Өз кезегінде имамдар дін саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы және бірқатар мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев Діни басқарманың 4 негізгі бағытын атап өтті.
Алау Шайқымұлы:
«Әрбір жұма күні барлық мешіттерде Мүфтият бекіткен тақырып бойынша уағыз-насихат жұмыстары жүреді. Имамдарымыз ұдайы біліктіліктерін арттырып тұрады. Діни басқарма қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып келеді. Мәселен, Түркістан облысында өткен жылы аз қамтамасыз етілген 12 отбасыға пәтер табысталды. Ал, жат ағымдармен күрес бойынша көпшілік қауымға насихат толастаған емес. Қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту мақсатында өңірдегі мешіттерде және түзету мекемелерінде 2500-ден астам кездесу ұйымдастырылып, онда 100 мыңнан аса адам қамтылды», – деді.
Сондай-ақ, жиын барысында өңіріміздің кейбір елді-мекендерінде дін қызметкердерінің жетіспеушілігі жеткізілді. Бұл мәселенің шешімі әлеуметтік жағдайларға байланысты екені айтылды.
Облыс әкімі аталған мәселелерді оңды шешу үшін имамдарға пәтер және оларға жалақы беру мәселесі қаралатынын айтты.






Пікірлер