ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі Болатбек Ұласқанұлы Облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Рамазан айына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.
«Зекет» қайырымдылық қорының Сыр өңіріндегі өкілі О.Жидебаев, «Нұр» мешітінің бас имамы М.Үркімбаев, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Ш.Садуов және жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз жиынында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының құттықтау сөзімен бастаған өкіл имам Рамазан айының қадір-қасиеті мен медицина тұрғысынан адам денсаулығына тигізер пайдаларын баяндады. Рамазан айы, Қадір түні, Тарауық, Айт намаздарының басталу уақыты мен білгіленген пітір мөлшерін мәлімдеп, ораза ұстаудың шарттары мен үкімдерін толық түсіндірді.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен берекелі айдың құрметіне орай, аймақ мешіттерінде өткізілетін «30 күнде 30 ауызашар», «қайырымдылық акцияларын өткізу», «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық жобасы және «Сыр жастары жарысады» атты Умра байқауы секілді т.б. түрлі форматтағы іс-шаралардан хабардар етіп, тілшілердің сауалдарына жауап берді.
Пікірлер