
Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде 3 мамандықтан, яғни исламтану, дінтану, екі шет тілі саласы бойынша 223 түлекпен қоштасу салтанаты өтті. Қасиетті Құранмен басталған шара қос мемлекеттің әнұранымен жалғасты.
Ректор Мухаммад әл-Жинди мырза келген қонақтарға, түлектерге алғысын білдіре отырып ҚМДБ-ның Аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиевке сөз берді. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ыстық сәлемін жеткізген Ғылымбек мырза түлектерге жүрекжарды лебізін айта келе, үлкен өмірге басқан қадамның ғана емес, әрбір дін қызметкерінің арқалаған жауапкершілігіне тоқталды: Әрбір дін қызметкері орташа 13-14 жыл білім алу керек. Нұр-Мүбарак университетінде бұл меженің алғашқы сатысынан өткен сіздердің білімдеріңізге күмән жоқ. Алда жамағаттардың бірлігін сақтау үшін, қоғаммен жұмыс барысында мінездің көркемдігі, басшылыққа бағыну қағидалары, ел бірлігі, мемлекет тұтастығы үшін басты назарда болу қажет,- деді.
Ал мұсылманның негізгі мақсаты құлшылықпен ғана шектелмейді деген проректор, доцент Қайрат Құрманбаев жас түлектерге еңбек етудің маңызын, дін қызметкері мешітті ғана төңіректемей қоғаммен етене араласудың маңызын түсіндірді. Университет қабырғасында алған білімдерінің жемісін көруге тілектестік білдірді.
Түлектер де 4 жыл жеткен жетістіктерімен бөлісіп, аға буын өкілдерінің қолынан диплом, алғыс хаттарын алды. Биыл 32 түлек қызыл дипломмен тәмамдаған. Университет басшылығы түлектерге ақ жол тілеп ақ батасын жаудырып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына орасан үлес қосып отырған олардың ата-аналарына алғысын жаудырды. Салтанатты рәсімнен кейін түлектер университет ауласына көшеттер отырғызды.
Пікірлер