
Кеше Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті имамдармен кездесу өткізді. «Дін – тұрақтылық кепілі» тақырыбындағы басқосуға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі А.Әділбаев қатысты. Кездесуде имамдардың діни сауаттылығын ұдайы арттырып отыру, іс-тәжірибесін жетілдіру сынды мәселелермен бірге, өңірдегі діни тұрақтылық ахуалы талқыланды.
2018-2019 жылдары әкімдік тарапынан өңірде 5 мешіттің құрылысы жоспарланған болса, соңғы жартыжылдықта 2 мешіт ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.
2018 жылы «Ислам және Отбасы» жылы аясында өкілдік 624 отбасыға қайырымдылық көмек көрсеткен. Оның ішінде 20 миллионнан астам қаржылай, 17 тоннаға жуық азық-түлік таратқан.
Өткен жылы Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Ақтөбеге келген сапарында ҚМДБ, Ақтөбе облысының әкімдігі және «Уақып» қоры арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Осының нәтижесінде ақтөбелік имамдарды тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қолдау мәселелері оң шешімін тауып келеді.
Аталмыш кездесу барысында наиб мүфти Алау Шайқымұлы өңірде имандылық бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті имамдардың біліктілік деңгейіне жоғары бағасын берді.
Өз кезегінде өкіл имам Төлеби Оспан өңірдегі діни ахуалдың тұрақты екенін, мешіттердің имамдармен және діни қызметкерлермен толық қамтылғанын атап айтты. Сондай-ақ, облыс әкіміне өкілдік жасаған "Діни рәсім" атты мобильді қосымшаны таныстырды. Жаңа бағдарлама – халықтың діни рәсімді атқару барысында ресми имамдардың қызметіне жүгінуін қамтамасыз етпек.
Пікірлер