Бостандық ауданына қарасты «Орбита-3» мешітінде, Алматы қаласы мешіттерінің наиб имамдарының қатысуымен, «Уағыз-насихаттағы заманауи әдістемелер мен жаңа шыққан пәтуалар» атты тақырыпта білім семинары өтті.
Бұл семинардың мақсаты – мешіт қызметкерлерінің, соның ішінде наиб имамдардың білім мен біліктілік деңгейін арттыру, жамағатпен көркем мәміледе қарым-қатынас жасау, сондай-ақ уағыз-насихаттағы заманауи әдістемелерді игеру және ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінде қаралып, шариғат және пәтуа бөлімі шығарған жаңа үкімдермен танысу болды.
Шараны Бостандық ауданының бас имамы Әсет Аташев сөз сөйлеп ашып, кезекті ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлына берді.
Өкіл имам өз сөзінде дін ісінің – мешіт имамдарына аманат екенін, бұл жүкті көтеру үшін шынайы ықылас пен ыждағаттылықтың керек екінін айтты. Сондай-ақ, бүгін ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталып, имамдардың қоғамдағы рөлі мен діни қызметкердің міндеттеріне тоқталды.
Шараны «Орбита-3» мешітінің наиб имамы Ернар Мәжен жүргізіп отырды.
Семинарда білікті мамандар дәріс оқып, өздерінің мол тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Жүсіпбеков Жасұлан «Ханафи құқығындағы пәтуа мәселелесі» туралы айтса, аталмыш оқу ордасының тәлімгері Жамашев Азамат «Сахих хадистермен амал ету» жайында сөз қозғады. Ал, ҚМДБ-ның халал стандарттау бөлімінің қызметкері Бауыржан Әлиұлы ҚМДБ-ның жаңа шыққан пәтуалары туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ, Д.Қонаев мешітінің бас имамы Күлсімақов Мейіржан уағыз-насихаттағы заманауи әдістемелердің қыр-сырын үйретті.
Сонымен қатар, қоғамдық даму басқармасының қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Қабылбеков Самат «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы имамдардың рөлі» атты тақырыпта пікір алмасты.
Пікірлер