
Игілікті істі қолға алған Тараз шаһарының имамдары шәкірттерімен бірге ертеңіміз болған жасөспірімдер оқитын мектеп аулаларына ағаштар отырғызды. Ұжым болып атсалысқан игі бастама аясында қаланың әр бұрышында орналасқан білім ордаларына жалпы 195 тал көшет егілді.
Мәселен, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі Қанат Жұмағұл бастаған облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті №23 орта мектептің ауласына 50 тал, №21 орта мектебіне "Асым ата", "Әбдіқадыр", "Намаз ата", "Тектұрмас", "Давруш ата", "Рахман-Рахим", "Салы молда", "Құрлал қажы" мешіттерінің қызметкерлері 40 тал терек отырғызса, №9 орта мектебіне барған "Әулие-ата", "Кеңесхан қажы" мешіттерінің имамдары 35 тал көшет екті. Олардың ішінде қара ағаш, жеміс ағаштары, мекемелер алдына арналған сәнді ағаштар бар.
Ал №55 орта мектебіне "Құлбай баба", "Айсұлу ана", "Хамрақұл", "Нәметбай ата", "Тұрсынбай ата", "Бегалы ата", "Иса Ахмет", "Әзіреті Әли" мешіттері 45 түп отырғызса, №9 мектепке "Кеңесхан қажы", "Әулие ата", "Шейх Зуннүн", "Мырқалық", "Акрам төре", "Молда Мұхамеджан", "Миразиз", "Шәкіржан ата" мешіттері 25 тал отырғызған болатын. Сонымен қатар, Шөлдалада жаңадан ашылған мектепке де көшеттер жеткізілді.
«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. Дін мамандарының бірлесіп атқарған бұл шарасы көпке үлгі болары анық.
Пікірлер