
Бас мүфти бастамасымен өткен жылы республика аумағында «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Мақсат – мұқтаж отбасыларға баспана алып беру. Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында Қазақстан бойынша отбасыларына 15 пәтердің кілті табысталды.
Сәуір айының басында ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі «Зекет» қорымен бірлесіп, аталмыш жоба аясында 2 бөлмелі пәтерді Темір ауданындағы көпбалалы отбасына табыс етті. Қайырымдылық шарасына өкіл имам Т.Оспан, Темір ауданының әкімі Ж.Қалмағанбетов, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы А.Тұралиев және аудан имамдары мен жамағаты қатысты.
Темір ауданында тұратын көпбалалы отбасыға күрделі жөндеуден өтіп, асхана жихазымен, тоңазытқышпен, кондиционермен, «Аристон» сужылытқыш құрылғысымен жабдықталған 2 бөлмелі пәтер табысталды.
"Бұл іске облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешіті, Ақтөбе қалалық мешіті, «Қабақ Баба» мешіті, Темір аудандық «Досжан Хазрет» мешітінің жамағаты белсенді түрде атсалысты. Бүгінгі қуаныш иесін жаңа баспанасымен шын жүректен құттықтаймыз!",- деді өкіл имам Төлеби Дәділұлы.
Сондай-ақ, жаңа қоныс иелеріне Темір аудандық әкімдігі тұрмыстық техника алу үшін 50 000 теңгенің сертификатын, «Нұр Ғасыр» мешіті азық-түлік пен кілем, Темір ауданындағы «Анаға сый» қорының өкілдері ыдыс-аяқ жиһазын тарту етті.
Пікірлер