Бас мүфти, ең алдымен, дәстүр-салтымыздың ең көп қолданысқа түсіп, кеңінен аталып өтетін, елдің рухани жаңғыратын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен Алматы жұртшылығын құттықтай отырып, «Дәстүрін бағалаған елміз» атты тақырыпта жұма уағызын айтты.
Жұма намазы оқылып болған соң мерекелік шара мешіт ауласында жалғасты.
Бас мүфти өз сөзінде ұлтымыздың озық салт-дәстүрлері мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатқанын әрі оған қилы замандарды бастан кешіріп, түрлі қиындықтардан аман өткен ержүрек ата-бабалардың бізге аманаттап қалдырған – асыл діні мен әдет-ғұрыптары дәлел екенін айтты. Сондай-ақ, дәстүр ұғымының діндегі орнын айқындап, қазақ халқының дін мен дәстүр аясындағы атқарылатын жөн-жоралғыларына тоқталды. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп мерекелік ақ тілегін жеткізді.
Мерекеде екі мың адамға жеті өнімнен жасалып, бойға қуат дарытатын наурыз көже және ыстық тағам тегін таратылды.
Сонымен қатар, мешіт ауласында арқан тартыс, асық ату, қол күрес, стөл теннисі, кір тасын көтеру, қой көтеру сынды спорттық шаралар ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар азаматтарымыз өзара күш сынасты.
Бәйгеде оза шапқан жеңімпаздарымызға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.
Соңынан Бас мүфти және мерекеге келген құрметті қонақтар қазақтың киіз үйіне бас сұғып, дәмнен ауыз тиді. Үлкендер жағы ақ батасын беріп, Жаратқаннан елімізге аман-саулық, бақ-береке, ынтымақ-бірлік тіледі.
Ұлыс оң болсын, ағайын!
Пікірлер