
Алматы қаласы, Алатау дәстүрлі өнер театрында Алматы Орталық мешітінің бастамасымен әйел-қыздар жамағатына арналған «Бабалар аманаты» атты рухани-патриоттық Мәуліт кеші болып өтті.
Мәуліт кешінің шымылдығын Ергешова Малика Құран оқып ашып, Қынтаева Лаураның қазақша «Мәуліт жырын» орындауымен жалғасты. Мерекелік шараны Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы ашып Алматылық әйел-қыздар қауымын Мәуліт айымен құттықтап, бұл айдың біздер үшін үлкен қуаныш екенін айтты. Сондай-ақ, Алла елшісінің өнегелі өмірінен сыр шертіп, әйел-қыздарымызды Пайғамбарымыз бен Оның асыл жарларының көркем мінезінен үлгі алуға шақырды. «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деген аяттағы Пайғамбарымыздың тәлімгерлік тұлғасына тоқталды.
Кеште өнерлі мешіт шәкірттері сонау ашаршылық заманынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының басынан кешкен түрлі қайғы-қасірет пен қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, тәлімді ойларды қаузаған қойылымдарын ел назарына ұсынды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шәкірттері ән мен күйден шашу шашып, термелер орындады.
Мәуліт кеші мешіт шәкірттерінің хормен орындауында салауат әнімен аяқталды.
Пікірлер