
Биылғы «Жастар жылы» және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай Алматыда «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумы өтті. Елімізде 2013 жылдан бері 6 рет өтіп жатқан жастар жиынына Нұр-Мүбарак университетінің студенттері биыл алғаш рет қатысқан болатын.
Форум дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрды. Ұйымдастыру комитетіне биыл еліміздің бар өңірінен 2 мыңға жуық студент өтініш білдірген. «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер байқауына үміткер 500-ден аса студент арасынан Нұр-Мүбарак университетінің студенті А. Түлдікбаева 2-орынға ие болды. Бұл студенттік эссе байқауында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті иеленсе, үшінші орын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің еншісіне бұйырды.
Жастар форумы ҚазҰУ-нің әл-Фараби кітапханасындағы «Ұлы дала жастары» конференциясымен басталып, оған іріктеу кезеңінен өткен еліміздің 70 аймақтық университетінен келген 500-ден аса студент қатысты.
Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен үлкен гала-форумда байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне салтанатты түрде дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Гала-форум қатысушыларына ҚазҰУ- шығармашылық ұжымының және эстрада жұлдыздарының мерекелік бағдарламасы ұсынылды.
Форум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Жандану әлемі» қоры және «Жас Отан» жастар қанаты, Жазушылар Одағы, Қазақ радиосы бірлесе ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Пікірлер