
«Дін қызметі – мамандық емес, ол адамзаттың қажеттілігі. Алайда бүгінгі әлемдік жағдай, қоғамдағы сұраныс дін саласында арнайы білім алып, елге дұрыс нұсқаушы мамандардың қажеттігін талап етуде», - деді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев студенттермен кездесуде.
Университет басшылығы студенттермен барынша емен-жарқын әңгімелесіп, қажеттіліктерді ашық айтып, білім сапасын арттыру жолдарын бірге іздеуге шақырды. Ректор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид әл-Жинди:
«Сіздер қоғамдағы өзге саладағы замандастарыңызға үлгі болуға тиіссіздер. Себебі сіздер соңғы иләһи дінді ғылыми тұрғыда, ғалымдардан үйреніп жатырсыздар. Сіздердің артықшылықтарыңыз көп, - деді.
Сондай-ақ профессор ректор Мухаммад аш-Шаххат студент үшін білім алудың ең тиімді жолдарына да тоқталды.
«Зайырлылық – идеология емес, ол мемлекетті басқару құралы ғана. Ал зайырлылықты дінсіздікпен шатастыратындар көп, бұл қате. Сондықтан біздің университет те мемлекеттік білім беру жүйесіне сай жан-жақты маман дайындауды мақсат етеді. Егер де біз үлгі бола алмасақ, бұл өзімізге де, өзгеге де, оқу орын, ұстаздарға да жасалған қиянат болмақ. Даму тұрғысында кеше мен бүгіннің айырмашылығы болу қажет», - деп проректор, доцент Қ.Құрманбаев студенттердің намысын қайрап өтті.
Ашық кездесу барысында студенттерге барынша еркін болуға, ой-пікір, талдау, көзқарасын ашық айтуға шақырды. Сабақты да баға үшін тек жаттап емес, түсініп оқуға үндеді. Ұстаздарға диктаторлық тәсілден аулақ болуға кеңес берілді. Сондай-ақ жақында ғана қолға алынған спорт залының жөндеу жұмыстары жақындап қалғаны студенттерді ерекше қуанышқа бөледі.
Пікірлер