Нұр-Мүбарак университеті Алаш қозғалысының қайраткері, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай Алматыдағы жоғары оқу орындары арасында мақалалар сайысын жариялаған болатын.
Алматылық ЖОО-дан 65 студент мақалаларын жолдап, одан 13 үміткер ақтық сынға шықты. Проректор, профессор Қайрат Құрманбаев Алаш қайраткері жайлы айта келе, бәйгенің жемісті өтуіне тілектестік білдірді. Жүйректерді анықтау үшін филол.ғ.д., профессор Шәмшәдин Керім бастаған ғалымдар тобы, яғни Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Ләйла Жұматайқызы, PhD Асқар Әкімханов, филолог Гүлбану Суамбекова, пед.ғ.к. Нұрзия Әбішевалар қазылық жасады.
13 үміткер сахнаға шығып, қазылар алқасының алдында өз еңбектерін қорғап шықты. Нәтижесінде 1-орын Сахан Дастан (Нұр-Мүбарак университеті), 2-орын Бақыткүл Ерболова (ҚазМҚПУ), 3-орын Алмабек Ибраимов (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен диплом табысталды. Ал ақтық сынға шыққан өзге қатысушыларға қаржылай сыйкәде мен Алғыс хат берілді. Сондай-ақ қазылық жасап, жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасына Нұр-Мүбарак проректоры, профессор Қ.Құрманбаев атынан Алғыс хат жарияланды.
Пікірлер